Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлескен қаулы жобасын әзірледі. Құжаттағы негізгі өзгеріс – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін кепілдегі тұрғын үй құнына шаққандағы несие көлемі (Loan-to-Value, LTV) көрсеткішіне қарай саралап белгілеу.
ҚНРДА түсіндіруінше, LTV көрсеткіші ипотекалық несие сомасының кепілге қойылған мүлік құнына қатынасын көрсетеді және ипотекалық несиелеудегі негізгі тәуекел индикаторларының бірі саналады. Сондай-ақ бұл көрсеткіш сатып алынатын тұрғын үй құнындағы қарыз қаражатының үлесін сипаттайды және қарыз алушының бастапқы жарнасына байланысты болады. Бастапқы жарна неғұрлым жоғары болса, LTV соғұрлым төмендеп, қарыз қаражатының үлесі мен несие тәуекелі азаяды.
Жобаға сәйкес ипотекалық тұрғын үй несиелері бойынша ЖТСМ-ның шекті мөлшері:
- LTV 0,7-ге дейін (қоса алғанда) болса – 20%-ға дейін;
- LTV 0,7-ден жоғары болса – 25%-ға дейін.
Осылайша, тұрғын үй құнының кемінде 30%-ын бастапқы жарна ретінде төлейтін қарыз алушылар ипотеканы анағұрлым төмен мөлшерлемемен рәсімдей алады.