2026 жылдан бастап Қазақстандағы ипотека көлемі төмендеуі мүмкін, себебі оның өзіндік құны өсіп, банктер үшін тым қымбатқа соғып жатыр. Бұл туралы Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушысы әрі мажоритарлық акционері Тимур Турлов айтты. Ол кейінгі жылдары ипотека нарығы мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ғана тұрғанын атап өтті.

«Еліміздегі ипотекалық несиелеу кейінгі жылдары мемлекеттік қолдау бағдарламаларымен тұр. Шынымды айтсам, портфельдің айтарлықтай қысқаруын күтіп отырған жоқпын, өйткені өткен жылы жұмыс істеген бағдарламалардың ауқымды қысқаруын көріп тұрған жоқпын», – деді ол.

Ол жеке банктер беретін нарықтық ипотеканың үлесі жыл сайын азайып келе жатқанын, «Отбасы банк» бюджет қаражатының негізгі көлемін алатындықтан ипотека нарығында негізгі рөл атқаратынын айтты.

«Отбасы банкінің рөлі тек сонда ғана эксклюзивті түрде түсетін мемлекеттік ақша көлемімен бірге ұлғайып келеді. Бұған жол бермеу үшін іргелі себептер мүлдем жоқ», – деді ол.

Сонымен қатар ол банктер дәл сол бағдарламаларды одан да жақсырақ іске асыра алатынына сенімді.

«Біздің екінші деңгейлі банктеріміз ипотека беруді керемет меңгерген және тең жағдайларға лайықты... Біз мұны клиенттер үшін одан да жылдам әрі ыңғайлы етер едік және бұл қымбат болмас еді», – деді Турлов.

Оның сөзінше, нарықтық ипотека банктер үшін тым қымбатқа айналуда, өйткені оның өзіндік құны өсіп жатыр.

«Ипотеканың өзіндік құны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен ипотекалық несиенің шекті құнымен қатты бәсекелесіп тұр... Мен 20% мөлшерлемесі талқыланғанын білемін. Шатаспасам, ол қабылданған жоқ сияқты, бірақ көптеген банк үшін ипотеканың өзіндік құны қазірдің өзінде 20%-дан жоғары», – деді ол.

Ол қазіргі уақытта нарықтық несиелер тек ерекше жағдайларда ғана – мысалы, бірнеше айға арналған қысқа мерзімді қарыздар немесе мөлшерлеменің бір бөлігін өтейтін құрылыс салушылармен ынтымақтастық арқылы берілетінін айтты. Турловтың сөзінше, базалық мөлшерлеме 18% болған жағдайда және мемлекеттік бағдарламалар ұлғаймаса, нарық қысқаруын жалғастырады.

«Келесі жылы базалық мөлшерлеме 18% болғанда, біз ипотекалық бағдарламалардың қысқаруына куә боламыз. Бұл тұрғын үй бағасына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Нарықтық несиелеу қазірдің өзінде жоқтың қасы. Ол тағы да аздап азая түссе де, бұл ештеңеге әсер ете қоймас», – деді ол.