Қыркүйек айының соңында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға көтергеннен кейін бірнеше ірі банк ипотекалық несиелер бойынша өтініш қабылдауды уақытша тоқтатқан еді. Мұндай шешім қаржыландыру шарттарының өзгеруіне және банктердің пайыздық мөлшерлемелерді қайта есептеу қажеттілігіне байланысты болды. Ипотека қабылдауды тоқтатқандар қатарында Halyk Bank, Центр Кредит Банкі, ForteBank сияқты ірі банктер болған еді. Нарық тілшісі еліміздегі банктерге хабарласып, қазіргі жағдайды анықтады.
Ипотеканы тоқтатып, қайта қабылдай бастаған банктер
ЦентрКредит Банкі ипотека қабылдауды қайта бастады. Бұған дейін өтініш қабылдау 14 қазаннан бастап уақытша тоқтатылған еді. Кейін 17 қазанда қайтадан құжат қабылдауды бастады.
Halyk Bank әзірге тек дайын тұрғын үйге арналған BI Group жобалары бойынша ипотека рәсімдеп жатыр. Қайталама нарықтағы несие беру әлі ашылған жоқ. Қашан қайта қосылатыны туралы нақты мерзім айтылған жоқ. Банк ипотекалық өтініштерді 14 қазаннан бастап қабылдамай қойған болатын.
Ипотека қабылдауды тоқтатпаған банктер
Сонымен қатар Отбасы банк ипотека беруді жалғастырып жатыр. Бұл банкте ипотекалық несиелер бұрынғы шарттар бойынша әдеттегідей беріледі. Банк ипотека бағдарламаларын тоқтатпаған болатын.
Freedom Bank те ипотека беруді бұрынғыдай жалғастырып жатыр.
Altyn Bank-те бастапқы нарықтағы ипотека қолжетімді. Алайда қайталама нарықтағы несие беру уақытша тоқтатылған. Бұл бағыт бойынша шешім келесі аптада белгілі болады. Бастапқы нарықтағы ипотека тек серіктес құрылыс компанияларының (BI Group, Basis A, Sensata) пәтерлеріне ғана қолданылады.
Ипотека әлі қабылдамайтын банктер
ForteBank ипотека беруді уақытша тоқтатқан еді. Банк өкілдерінің айтуынша, бағдарламаның қашан қайта ашылатыны әзірге белгісіз, шешім алдағы бір айда белгілі болады деп болжанып отыр.
Нұрбанк 10 қазаннан бері ипотекалық өтініш қабылдауды тоқтатқан. Қайта іске қосылатын мерзім туралы ақпарат жоқ.
RBK Bank баспасөз қызметі банкте ипотекалық бағдарлама әлі де уақытша тоқтап тұрғанын, бірақ жақында өтініш қабылдау қайта басталатынын мәлімдеді.
Ипотекалық өнімдері бұрыннан жоқ банктер
Айта кетсек, келесі банктерде ипотекалық бағдарлама мүлде жоқ: Kaspi Bank, Alatau City Bank, Bereke Bank, Home Credit Bank, VTB Bank (бірнеше жыл бұрын тоқтатқан), Eurasian Bank (соңғы 2,5 жылда ипотека бермейді, бұрын тек «7-20-25» бағдарламасы бойынша жұмыс істеген).