Naryk.kz «Қазақстан темір жолы» компаниясына IPO өткізу мерзімі мен құрылымына қатысты ресми сауал жолдады. Ұлттық компания басшылығы бұл мәселе бойынша нақты шешімдер әзірге қабылданбағанын мәлімдеді. 

«Қазақстан темір жолы» АҚ (бұдан әрі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ) кез келген IPO алдындағы актив сияқты өзінің инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында сатуға дейінгі дайындықтан өтуді талап етеді. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен «Самұрық-Қазына» АҚ Үкіметпен тығыз өзара іс-қимыл және келісім негізінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр»– делінген компанияның ресми жауабында.

Сонымен қатар халықаралық инвестициялық банктердің пікірінше, сәтті IPO өткізу үшін маңызды факторлардың бірі — геосаяси жағдай мен қаржы нарықтарындағы конъюнктураның тұрақтануы.

Халықаралық инвестициялық банктер ҚТЖ-ның табысты IPO өткізуіне ықпал ететін өзге факторлар ретінде мыналарды атап өтеді: 2025 жылға арналған ҚТЖ-ның қаржылық есептілігінде жүк транзитінің теміржол желілері бойынша серпінді өсуімен байланысты қызмет нәтижелерін нақты көрсету, сондай-ақ қарыз жүктемесінің бір бөлігін ықтимал қайта құрылымдау.

«Осыған байланысты, IPO өткізу мерзімі мен құрылымы, соның ішінде акцияларды орналастыру көлемі мен алаңдары сатуға дейінгі дайындық шаралары аяқталған соң, инвестициялық банктер түріндегі тәуелсіз кеңесшілердің ұсынымдарын және қолайлы нарықтық жағдайларды ескере отырып айқындалатын болады. Сонымен бірге, компанияның әлеуетті листинг барысындағы ықтимал құнына қатысты кез келген ақпарат — объективті емес әрі ертерек жасалған болжам», — деді компанияның баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше бірнеше БАҚ шетелдік ақпарат құралының аты аталмаған дереккөзіне сілтеме жасап ҚТЖ 2026 жылы 10 млрд долларға Лондон мен Астанада IPO-ға шығады деп хабар таратқан.