Кейінгі төрт жылда Қазақстанның Қытайға тәуелділігі айтарлықтай күшейді. Егер 2021 жылы ҚХР үлесі ел импортының небәрі 20%-ын құраса, 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 29%-ға жетіп отыр, деп хабарлайды tradereport.kz.

Қытайдан келетін тауар көлемі 2021–2024 жылдары 86% ұлғайып, 8,2 млрд доллардан 15,3 млрд долдарға жеткен. 2025 жылдың алғашқы алты айында өсім тағы 23%-ды құрап, 8,3 млрд доллар болды. Осылайша, Қытай Қазақстанның басты импорттаушысына айналып, Ресейден сәл ғана алға шықты.

Өңірлердегі көрсеткіш

Қытайдың ықпалы әсіресе оңтүстік өңірлерде айқын байқалады. Шымкентте үлес 12%-дан 36%-ға, Жамбыл облысында – 16%-дан 48%-ға, Түркістан облысында – 8%-дан 41%-ға артқан.  Жетісу облысы ерекше жағдайда – мұндағы импорттың 83%-ы Қытайдан келеді. Алматы мен Астанада да Қытай үлесі өскен: тиісінше 30% және 23%.

Өнеркәсіптік аймақтарда өсім біршама қалыпты. Павлодарда үлес 8%-дан 21%-ға, Қостанайда – 9%-дан 23%-ға, Қарағандыда – 9%-дан 24%-ға көтерілген. Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстары қытайлық импортқа салыстырмалы түрде аз тәуелді – 10%-дан төмен.

Айта кетсек, бұған дейін кейінгі төрт жылда Қазақстан Ресейден тауар импортын қысқартуға бет алғанын жазған едік2021–2024 жылдары Ресейдің үлесі жалпы импорт құрылымында төмендеді. Егер 2021 жылы бұл көрсеткіш 43% болса, 2024 жылы – 31%-ға, ал 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында 29%-ға дейін түсті.