Қазақстанда Яндекс Go сервистерінің жұмысы бұзылып, кейбір қызметтер уақытша қолжетімсіз болуы мүмкін. Компания техникалық ақауларды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда сервистердің толық қалпына келетін уақытын әзірге нақты айта алмайды.
Яндекс Go баспасөз қызметі пайдаланушылардан, жүргізушілер мен курьерлерден қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
«Техникалық мамандарымыз сервистердің жұмысын қалпына келтіруге бар күшін салып жатыр. Олардың қашан толық іске қосылатынын әзірге нақты айта алмаймыз», – деп хабарлады компания.
Компания Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері ел аумағындағы серверлерде, сондай-ақ оларды заң талаптарына сай қорғауды қамтамасыз ететін юрисдикцияларда сақталады.
Сонымен қатар цифрлық сервистердің жұмысы бірнеше елге таралған есептеу инфрақұрылымына тәуелді. Оның жекелеген технологиялық компоненттері әртүрлі мемлекеттердегі серверлерде орналасуы мүмкін. Сондықтан олардың біріндегі техникалық ақау бірнеше елдегі сервистердің жұмысына әсер етуі ықтимал.
Компания сервистердің жұмысын қалпына келтіру барысы туралы пайдаланушыларға, жүргізушілер мен курьерлерге ресми ақпарат арналары арқылы хабарлап отыратынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қазанға қараған түні Ресейдің Владимир қаласындағы Яндекс компаниясының деректер орталығы дрондар шабуылына ұшырады. Салдарынан нысанның инфрақұрылымы зақымданып, оның жұмысы толығымен тоқтады. Бұл – бір апта ішінде шабуылға ұшыраған компанияның үшінші нысаны.
Detector404 және «Сбой.рф» мониторинг қызметтерінің деректеріне сәйкес, пайдаланушылар Яндекс Go, Яндекс Pay, Яндекс Еда және Яндекс Музыка сервистерінің жұмысына қатысты шағымданған. Сонымен қатар «Кинопоиск», «Дом с Алисой» және «Телемост» қызметтерінде де ақаулар тіркелген. «Яндекс Электрички» сервисінде пойыздар кестесі жүктелмеген.
Яндекс Маркет те уақытша шектеулер енгізді. Шабуылдан кейін тауарларды жөнелтуге арналған сұрыптау орталықтары уақытша қолжетімсіз болған. Алайда тапсырыстарды беру пункттері мен қоймалар штаттық режимде жұмыс істеген. Компания 11 қазандағы тапсырыстарды сапа көрсеткіштерін есептеуден алып тастап, кешіктірілген жеткізілімдер үшін айыппұл салынбайтынын хабарлады.
Бұдан бөлек, Dodo Pizza желісі де бұлтты сервистер провайдеріндегі ауқымды апатқа байланысты жұмысында ақаулар болғанын мәлімдеді. Пулково әуежайының сайты уақытша қолжетімсіз болды. Дегенмен әуежайдың өзі штаттық режимде жұмыс істеп, жолаушыларды тіркеу және рейстерге қызмет көрсету әдеттегі тәртіппен жалғасқан.
Бұған дейін, 7 қазаннан 8 қазанға қараған түні, Рязань облысының Сасово қаласындағы Яндекс деректер орталығында дрондар шабуылынан кейін өрт шыққан. Нысанның жұмысы тоқтатылған. Осы оқиғадан кейін Ресейдегі бірқатар компанияның ішкі жүйелерінде ақаулар пайда болып, ресейлік БАҚ сайттары да жүктелмей қалған.
Ал 9 қазанда дрондар Калуга қаласындағы деректер орталығына шабуыл жасаған. Яндекстің хабарлауынша, бірнеше модуль толық істен шыққан. Бұл компания сервистерінің бір бөлігінде іркілістерге әкелуі мүмкін. Компания шығын көлемін бағалауға кіріскенін және қызметкерлердің зардап шекпегенін мәлімдеген.