Өмір сапасы – ел дамуының ең күрделі әрі көпқырлы көрсеткіші. Ол тек табыс деңгейімен емес, білім, денсаулық, тұрғын үйге қолжетімділік, қауіпсіздік және адамдардың күнделікті өмірге субъективті көзқарасымен анықталады. Бүгінде бұл көрсеткіш мемлекеттік саясаттың басты нәтижесіне айналып отыр, деп жазады economykz.org.

Қағаздағы көрсеткіш және шындық

«Ұлттық даму жоспарына дейінгі ресми құжаттарда өмір сапасын өлшейтін 39 ұлттық индикатор бар. Жүйе қағаз жүзінде жақсы көрінеді. Бірақ іс жүзінде индикаторлар тым көп әрі бөлшектенген, көбіне есеп беру үшін ғана толтырылады», – дейді мамандар.

Мысалы, Астана жоспары бойынша, жұмыссыздық деңгейі төмендеді, жоспардан көп адам жұмыспен қамтылды. Бірақ кедейлік деңгейі төмендемеді. Бұл қазіргі жүйенің басты осалдығын көрсетеді: жұмыс орны бар болғанымен, табыс кедейшілік шегінен шығара алмайды.

Көрсеткіштің сапасы маңызды

Қазіргі жоспарлар «қанша іс-шара өткізілді, қанша адам жұмысқа орналасты» деген сандарға сүйенеді. Бірақ бұл негізгі сұраққа жауап бермейді: халықтың тұрмысы шын мәнінде жақсарды ма?

«Бұрынғы ұлттық жоспарларда халықтың нақты табысы мен төменгі табысты 40%-дың жағдайы сияқты терең көрсеткіштер бар еді. Қазір бұл бағыттар қысқарып, жүйе «ең төменгі стандарттарға» – кедейлік шегі мен базалық инфрақұрылымға ғана сүйеніп отыр», – дейді мамандар.

Әлеуметтік саясат пен азаматтың көңіл-күйі

Ұлттық статистика бюросының сауалнамасына сәйкес, халықтың тек 56%-ы өміріне қанағаттанған, ал өзін «жоғары қамтамасыз етілген» санайтындар өте аз. Бұл ресми есептер мен азаматтардың шынайы бағасы арасындағы алшақтықты көрсетеді.

Мысалы, бюджеттен 2,76 млрд теңге бөлінген «Өнімді жұмыспен қамту» бағдарламасы толық орындалды. Бірақ Астанада кедейлік деңгейі төмендемеді. Бұл саясаттың нәтиже емес, процесс үшін жұмыс істейтінін дәлелдейді.