Қазақстандағы барлық бірегей қарыз алушының (unique borrowers) жартысына жуығы, шамамен 49%-ы төрт және одан да көп несиесі бар азаматтар. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Виталий Тутушкин мәлімдеді. Оның сөзінше, әлемдік стандарттар бойынша халықтың жалпы қарыз жүктемесі төмен деңгейде қалып отыр.

Реттеушінің мәліметінше, 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 7,71 млн бірегей қарыз алушы тіркелген. Олардың 49%-ында бірнеше несие бар. Ал 26%-ында бір ғана несие бар және, әдетте, ол ипотека немесе автонесие. Бөліп төлеу қарыз алушылардың 63%-ында бар (4,9 млн адам). Яғни, елдегі тұтыну азаматтардың нақты табысынан айтарлықтай озып кетті.

«10 жылда нақты табыс 30,3% өсті, ал үй шаруашылықтарының тұтынуы 91% артты, яғни тұтыну табыстан жылдам. Осы алшақтықтың негізгі көздерінің бірі – тұтынушылық несиелеу, ол он жыл ішінде нақты мәнде 3,7 есе өсті», – деді Тутушкин.

Қазақстандықтарда несие саны көп болғанына қарамастан, халықтың қарыз жүктемесі бар болғаны 15% және минималды деңгейде деп бағаланады.

«Бізде жеке тұлғалардың банк қарызының ІЖӨ-ге қатынасы (банктік қарыз) жоғары емес — бар болғаны 15%. Егер банктік емес несиелерді қоссақ, шамамен 17% шығады. Әрине, әлемдік көрсеткіштер тұрғысынан бұл аса елеулі емес. Өйткені әр елде бұл көрсеткіш 100%-ға дейін жетуі мүмкін», – деді ол.