2025 жылдың қараша айында реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын – яғни, пластикалық операцияларды төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы төлемдеріне қатысты 2 277 өтініш орындалған. Орындалған өтініштердің жалпы сомасы шамамен 2,1 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Data Hub аналитикалық арнасы жазды. 

Өткен аймен салыстырғанда бұл көрсеткіш шамамен 33 және 39 есе өскен. Бұған дейін пластикалық операциялар зейнетақы алудың танымал бағыты болмаған. Бағдарлама басталғаннан 1 қарашаға дейін орындалған өтініштердің жалпы саны 1 631 бірлікті құраған, ал сомасы 1,6 млрд теңгеге жетпеген. Яғни, барлық уақыттағы жиынтық көлем бір ғана өткен айдағыдан аз болған.

Жалпы, емделуге арналған аударымдардағы мұндай өсімнің жаңа эпизодтары, бұрын зейнетақы қаражатын медициналық мақсатта пайдаланудың негізгі бағыты болған стоматология бойынша өтінімдерді қабылдау қыркүйекте тоқтатылғаннан кейін пайда бола бастады. 15 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының «артық» бөлігін тіс емдеуге пайдалана алмайтын болған еді.

Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде офтальмологиялық қызметтерді төлеу үшін 1,4 млрд теңге көлемінде 1611 өтінім орындалды. Бұл тамызбен салыстырғанда 5,8 есе көп, ал сома жағынан өсім 7 есеге жеткен. Соңғы 12 айдың орташа көрсеткішімен салыстырғанда да рекордтық өсім байқалды — тиісінше 7,9 және 9,3 есе жоғары.

Ал қазан айында  азаматтардан көз ауруларын емдеу мақсатында зейнетақы жинағынан біржолғы төлем жасау туралы 15,4 мың өтініш орындалды. Бұл қыркүйекпен салыстырғанда шамамен 10 есе көп, ал 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы орташа көрсеткіштен 73 есе жоғары. 

«Отбасы банк» 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап бірыңғай зейнетақы төлемдері есебінен офтальмологиялық қызметтерді төлеуге өтінімдер қабылдауды тоқтататынын хабарлады. Банк осы күнге дейін берілген өтінімдер жұмысқа қабылданатынын мәлімдеді.