Қазақстандағы бөлшек сауда 2025 жылы өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай тежелді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ол 9,8% өссе, 2025 жылдың қорытындысында өсім небәрі 7,5%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. 

«Сауда» саласы бойынша нақты көлем индексі 2025 жылдың қаңтар-желтоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңіне қатысты 108,9% болды. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш жоғарырақ — 109,1% еді.

Жалпы нәтижеге негізгі үлесті әлі де көтерме сауда қосып отыр. Оның НКИ-і бір жылда 109,5% құрады (2024 жылы — 108,6%). Сонымен қатар бөлшек сауданың айтарлықтай баяулағаны байқалады: НКИ бір жыл бұрынғы 109,8%-дан 107,5%-ға дейін, яғни 2,3 пайыздық пунктке төмендеді.

Көтерме сауда

Көтерме сауда саланың жалпы айналымының 66,6%-ын иеленсе, бөлшек сауданың үлесі — 32,9%. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсанында көтерме сауда көлемі 53,5 трлн теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 9,5% көп. Көтерме айналым құрылымында азық-түлік емес тауарлар мен өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдер басым — 82,1%.

Көтерме операциялардың ең көп бөлігі дәстүрлі түрде Алматы қаласына тиесілі — жалпы көлемнің 36,2%-ы. Одан кейін Астана (16,4%), Атырау облысы (12,3%) және Қарағанды облысы (6,1%) тұр.

Бөлшек сауда

Бір жылдағы бөлшек сауда көлемі 26,4 трлн теңгені құрады. Нақты мәнде ол 2024 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 7,5% өсті (2024 жылы өсім 9,8% болған). Бұл ретте сауда кәсіпорындары сауданы 5,9%, ал жеке кәсіпкерлер (базардағы сатушыларды қосқанда) — 10,3% арттырған.

Бөлшек айналымның негізгі бөлігі жеке меншік нысанындағы бизнеске тиесілі — 23,9 трлн теңге немесе жалпы көлемнің 90,4%-ы. Шетелдік қатысуы бар компаниялар 2,5 трлн теңгені (9,6%) қамтамасыз етті.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, есеп берген бөлшек сауда кәсіпорындарының тауар қорлары 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл көлем орта есеппен 52 күн сауда жасауға жетеді.

Бөлшек сауда құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 33,1%, азық-түлік емес тауарлар — 66,9% болды. Бір жылда азық-түлік өнімдерінің саудасы 7,8%, азық-түлік емес тауарлардікі — 7,3%-ға өскен.

Алдыңғы жылдардағыдай, бөлшек сауданың ең ірі көлемі Алматы қаласына тиесілі — республикалық көрсеткіштің 33,7%-ы. Одан кейінгі орындарда Астана (14,3%), Қарағанды облысы (7,1%) және Шығыс Қазақстан облысы (5,3%) тұр.