18 қараша күні Алматыда Freedom Life ӨСК FinGramota.kz (ҚНРҚА) қолдауымен балаларға арналған жаңа қаржылық сауаттылық кітабын таныстырды.
Қаржыгерлер күні мен Ұлттық валютаның 32 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға реттеуші өкілдері, ӨСК және БАҚ қатысып, қазақстандық оқушылардың қаржылық сауаттылығын дамыту мәселелері талқыланды.
Кітаптың атауы — «Жолбарыстың Ұлы Жібек Жолындағы қызықты және тәлімді шытырман оқиғалары».
Автор — қазақстандық жазушы Әбілімит Рахматұлаев, ол бұған дейін де балалар әдебиетін жариялаған, соның ішінде «Пантера әлемді құтқарады» кітабы бар.
Оқиғаның негізгі желісі — Жолбарыс есімді баланың Ұлы Жібек Жолы дәуіріне тап болып, сауданың қалай қалыптасқанын, құндылық алмасудың және адамдар арасындағы сенімнің қалай пайда болғанын тануы. Автор қарапайым өмірлік жағдайлар мен мейірімді мысалдар арқылы қаржы — тек сандар емес, еңбекті, әділдікті және ресурстарды орынды пайдалануды қажет ететін адамдық қатынастардың бір бөлігі екенін көрсетеді.
Кітап қазақ тілінде жарық көріп, орыс тіліне аударылды. Бүкіл тираж білім беру мақсатында тегін таратылады — Компания қалалық мектептер және кітапханалармен ынтымақтастыққа ашық.
«Қаржылық мәдениет бала кезден қалыптасуы керек. Мұндай кітаптар күрделі ұғымдарды түсінікті әрі қызықты етеді. Біз ақшамен жауапты қарым-қатынасқа тәрбиелейтін және қаржылық тәуекелдерден қорғануға көмектесетін бастамаларды қолдаймыз. Бұл — мемлекет пен бизнестің тиімді серіктестігінің жақсы мысалы», — ҚНРҚА әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаментінің директоры Александр Терентьев.
Freedom Life ӨСК басқарма төрағасы Азамат Ердесовтің айтуынша, кітап компанияның балаларға қаржылық сауаттылықты дамыту бағытындағы жүйелі жұмысының логикалық жалғасы.
«2019 жылдан бері еліміздің 11 мыңнан аса оқушысы біздің әлеуметтік жобамыз — Freedom Camp аясында қаржылық сауаттылық бойынша тегін білім алды. Бүгінде жоба түрлі форматта жүзеге асады: мектеп дәрістерінен бастап жазғы лагерьге, онлайн-сабақтарға, телебағдарламаларға және балаларға арналған көркем әдебиетке дейін. Жолбарыс есімді қазіргі баланың саяхаты туралы бұл кітап — қаржылық мәдениетті ерте жастан қалыптастыруға жасалған тағы бір қадам», — деді ол.
Айта кетейік, 2024 жылы Freedom Life ӨСК FinGramota.kz қолдауымен Freedom Camp жобасы аясында қаржылық сауаттылыққа арналған алғашқы қазақ тіліндегі ертегілер жинағын — «Жасыл сандықша» («Зеленый сундучок») — жарыққа шығарған болатын.