Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Еңбек министрлігімен бірлесіп, ауылдардағы нысандардың құрылысына шетелдік жұмысшыларды тартуға арналған квотаны арттыруды көздеп отыр. Әңгіме ауылшаруашылық құрылымдарының жұмысшыларына арналған үйлерді, фермаларға қажетті инфрақұрылымды және сол сияқты нысандарды салу туралы болып отыр. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов хабарлады.

Вице-министр атап өткендей, ауыл халқының қалаға көшіп кетуінің бір себебі – қолайлы тұрмыстық жағдайдың болмауы. Жоғары оқу орындарында оқыған студенттер ірі қалалардан кейін ауылға қайтуға құлық танытпайды, соның салдарынан ауылшаруашылық құрылымдары кадр тапшылығын сезініп отыр. Сондықтан агробизнес өз жұмысшылары үшін үйлер мен басқа да нысандар салып жатыр, бірақ бұл жерде де жұмысшы күші мәселесі бар.

«Өздерінің жұмысшысы ретінде білікті мамандарды көргісі келетін көптеген ауылшаруашылық құрылымы оларға арнап үйлер салып жатыр. Құрылыс шығындарын азайту үшін, олар бізге білікті емес жұмысшыларды тартуға қосымша квота бөлуге жәрдемдесуді сұрап жүгінді. Бұл ұсыныс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп қаралды және өңірлер үшін қосымша квота бөлінді. Бірінші кезеңде бұл қосымша квота шамамен 1 мың жұмысшы маманды құрайды», – деді Азат Сұлтанов. 

Ол бұл квота аясында ауылдардағы кәсіпорын қызметкерлеріне арналған үйлер салуға, сондай-ақ өндіріс нысандарын салуға жұмысшылар тартылатынын нақтылады. Атап айтқанда, қазір елде жаңа сүт-тауар фермаларын, құс фабрикаларын, жылыжайларды және басқа да нысандарды белсенді салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.