Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін қосымша тетіктер енгізіп жатыр. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, жыл басынан бері мұндай тауарлар бағасының индексі 108%-ды құрады.
Тамызда көрсеткіш өзгермеген, Қыркүйектің алғашқы үш аптасында өсім бар болғаны 0,1% болды.
Министр әсіресе көкөніс тобы бойынша оң динамика байқалғанын атап өтті. Тамыздан бері картоп, сәбіз және пияз бағасының өсу қарқыны орта есеппен 2,5 есе төмендеді.
Ет экспорты және ішкі нарық
Баға өсіміне ең көп ықпал еткен тауар – сиыр еті. Бұл өнімді бірнеше жыл қатарынан мемлекет реттеп келді, алайда көрші елдерге экспортқа ең тартымды позицияға айналды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың дерегінше, 2024 жылы Қазақстан 11 мың тонна ет экспорттаса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 30 мың тоннаға, ал тірі мал экспорты 10 мың тоннаға жеткен.
Осыған байланысты Үкімет тірі мал шығаруға тыйым салды, ет экспортына квота енгізді (тек өңдеуші кәсіпорындарға рұқсат) ветеринарлық бақылауды күшейтті, ритейлерлермен тікелей фермерлерден ет жеткізу бойынша келісімге келді.
Цифрлық шешім: агромаркетплейс
Сауда министрлігі мен «Қазақтелеком» бірлесіп фермерлерді, сауда желілерін және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды тікелей байланыстыратын агромаркетплейс әзірлеп жатыр. Жоба делдалдарды айналып өтіп, өнімді тікелей жеткізуге бағытталған. Платформаны 2025 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Экспорт динамикасы
2025 жылғы қаңтар–шілде айларында өсімдік шаруашылығы экспорты құндық мәнде 51% артты. Оның ішінде:
• бидай – +56%,
• күнбағыс майы – +76%,
• мал азығы – +152%,
• арпа – +94%,
• зығыр тұқымы – +60%.
Мал шаруашылығы экспортының өсімі – 27%.