Эстонияда тіркелген Wallet Solutions OÜ (Freedom Crypto бренді) 2025 жылғы 11 қыркүйекте Астана халықаралық қаржы орталығында аккредиттелген ұйым мәртебесін алды. Бұл – компанияның орталық мүшесі емес, бірақ оның ережелеріне сәйкес тіркелген қатысушысы екенін білдіреді.
Wallet Solutions — виртуалды активтермен қызмет көрсететін (VASP) эстондық лицензияланған провайдер. Ол Freedom24 экожүйесімен толық интеграцияланған, яғни Freedom клиенттері бір платформада дәстүрлі инвестициялар мен цифрлық активтерін бірдей басқара алады.
Бір минутта шот ашу және 600-ден астам криптоактив
Freedom24 клиенттері үшін Wallet Solutions-та есепшот ашу небәрі бір минутқа созылады. Платформада:
• 600-ден астам криптовалютамен спот-сауда жасауға;
• OTC мәмілелер жүргізуге;
• криптовалюталар мен фиат валюталарды ауыстыруға;
• Freedom24 пен Wallet Solutions арасындағы жедел аударымдарға мүмкіндік бар.
Компанияның ресми сайтында криптовалютаға қатысты барлық операция тек Wallet Solutions OÜ арқылы жүзеге асатыны ерекше атап өтілген. Ал Freedom Finance Europe Ltd (Кипр), яғни Freedom24 бренді, цифрлық активтер бойынша қызмет көрсетпейді және олардың нәтижесіне жауапты емес.
Freedom Holding криптонарыққа дайындалып жатыр
Бұған дейін Freedom Holding Corp. Қазақстанда криптовалютамен жұмыс істеуге реттеушілердің рұқсатын күтетінін хабарлаған болатын. Wallet Solutions-тың орталықта тіркелуі — холдингтің аймақтағы криптонарыққа ресми әрі құрылымдық түрде кіруге дайындық кезеңі ретінде қарастыруға болады.