Сауда министрлігі тауарлар мен қызметтерді сатуда «қос бағаны» міндетті түрде көрсету тәртібін бекітті. Енді дүкендер мен сервистерде бір тауардың екі құны жазылады: толық бірден төлеу кезіндегі баға; бөліп төлеу арқылы сатып алғанда шығатын нақты сома. Бұл қадам тұтынушыларға шығынды айқын түсінуге мүмкіндік береді.
Неліктен енгізілді?
Еске салсақ, маусым айында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияға ықпал етуші негізгі факторлардың бірі ретінде «Қазір ал, кейін төле» жүйесінің кең таралуын атаған еді. Ал шілдеде Қаржы нарығын реттеу агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова тауарды бөліп сатқанда қос бағаны көрсету қажет деген ұсыныс білдіріп, оны банктер қолдаған болатын.
Деректер не дейді?
Ұлттық банк арнайы статистика жүргізбесе де, 2025 жылдың II тоқсанындағы банктерге жасалған сауалнама алғаш рет қызықты мәлімет берді: бөліп төлеуге – 6,466 млн өтінім түскен, оның ішінде 2,768 млн мақұлданды; тұтынушылық кепілсіз несиелерге – 18,2 млн өтінім беріліп, 5,7 млн-ы мақұлданған.
Орта есеппен бір мақұлданған бөліп төлеу – 127 мың теңге, бір тұтынушылық несие – 333,4 мың теңге.
Бұл айырмашылық халықтың несиеге қарағанда бөліп төлеуді жиі таңдайтынын, бірақ сомасы аз екенін көрсетеді.
Сарапшылар пікірі
Экономистердің айтуынша, қос бағаның енгізілуі тұтынушылардың қаржылық шешім қабылдауын жеңілдетеді; жасырын шығындардың алдын алады; инфляцияға жанама түрде ықпал ететін шамадан тыс бөліп төлеуді тежеуі мүмкін.
Айта кетсек, бұған дейін қазақстандық бизнесті тауарларға екі баға көрсетуге міндеттеуі мүмкін екені хабарланған еді еді. Бірі – қолма-қол ақшамен сатып алу бағасы, екіншісі – бөліп төлеу бағасы