Алматыда өткен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің экономикалық ықпалдастығы туралы негізгі көрсеткіштерді жариялады.

Сауда және инвестиция: рекордтық көрсеткіштер

2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 44 млрд долларды құрады. Бұл екі ел тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш болып отыр.

«Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Біздің елімізде қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында CNPC, CITIC, SINOPEC, HUAWEI сияқты әлемдік деңгейдегі мықты корпорациялар бар. Бұдан бөлек, ірі және орта бизнес өкілдері жұмыс істейді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Транзиттік әлеует: Қытай – Еуропа дәлізі

Президент Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтетінін атап өтті. 

«Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылады. Соның арқасында Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артады. Сонымен бірге, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін кеңейтуге барынша атсалысуда. Былтыр осы бағыт бойынша 4,5 миллион тонна жүк өткізілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 62 пайызға артық деген сөз. Біз осы саладағы жұмыс қарқынын одан әрі күшейте береміз. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 10 миллион тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз», – деді ол.

Энергетика: мұнайдан жасыл энергияға дейін

Президент энергетика саласында бірлескен жобалардың атқарылып жатқанына тоқталды. Оның сөзінше, Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Ауқымды жобаның өндірістік қуаты – жылына бір миллион екі жүз елу мың тонна өнім. Зауыттың құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ.

«Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарда бар. Біз жаңартылатын энергетикамен де айналысамыз. Бұл ретте, China Power International Holding және China Energy сияқты жетекші қытай компанияларының қатысуымен бірқатар жобаны қолға алмақпыз. Энергетика саласындағы тағы бір маңызды жоба – Маңғыстау облысындағы бу-газ қондырғысының құрылысы. Қуаты 160 мегаватт болатын жоба China Huadian Corporation компаниясымен бірге жүзеге асырылады», – деді Тоқаев.

Өндіріс пен әртараптандыру

Қазақстан экономикасын әртараптандыруға бағытталған жаңа өндірістік жобаларға да назар аударылды. Олардың қатарында Fujian Hengwang Investment компаниясының Жамбыл облысында металлургия зауытын салу жобасын атап өтуге болады. Зауыт жылына үш миллион тонна болат өндіруге мүмкіндік бермек. Ал Jiaxin International компаниясы Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасын іске қосты. Құрылыс индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды. Атап айтқанда, China Glass компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды.

«Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады. Соның ішінде GWM, Chery және Changan көліктері бар. Сонымен қатар Алматыда электробус шығаратын BYD компаниясының зауыты іске қосылмақ. Бұл жобалар Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жол ашады», – деді президент.

Ауыл шаруашылығы

Егістік көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұрған Қазақстан ауыл шаруашылығында Қытай нарығына басымдық бермек. Сондай-ақ бидай экспорты бойынша ең ірі 10 елдің қатарына кіреді.

«Біз жыл сайын шетелге он миллион тоннадан астам бидай және екі миллион тоннаға жуық ұн жеткіземіз. Қытай нарығы еліміз үшін өте маңызды. Қазақстан жергілікті нарыққа жылына 2 миллион тоннаға дейін астық экспорттай алады. … Dalian Group компаниясының Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын құру бастамасын толық қолдаймыз. Fufeng Group компаниясының Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасын құптаймыз», – деді президент.

Цифрландыру және жаңа қала

Тоқаев жасанды интеллект пен инновациялық экожүйе екі ел ынтымақтастығының жаңа бағыты екенін атап өтті.

«Біз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз… Биыл Қазақстанда аймақтағы алғашқы Суперкомпьютер іске қосылды. Сондай-ақ AlemAI халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән беріп отырмыз. Бұл қала елімізде және тұтас аймақта инновацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. … Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қаржы және АХҚО

Президенттің сөзінше, ел ел арасындағы қаржы ынтымақтастығы да кеңейіп жатыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстандағы тартымды инвестициялық ортаның берік негізі саналады. Бұл орталықта көптеген елдің 4 200-ден астам компаниясы жұмыс істеп жатыр, солардың қатарында 850 қытай компаниясы бар. Қазақстан даму банкі Қытайдың жетекші қаржы институттарымен ынтымақтастық аясында еурооблигацияны Қытай юанымен (Dim Sum bonds) орналастыра бастады. Бұл Орталық Азиядағы дәл осындай тұңғыш келісім болды», – деді президент.