Қазақстан Республикасында мобильді құрылғыларды верификациялау бірыңғай және ашық ережелер бойынша жүзеге асырылады. Телефонның шыққан елі тіркеуден бас тартуға негіз болмайды — мұнда құрылғының заңды түрде әкелінуі мен растаушы құжаттардың болуы маңызды. Егер құрылғы ресми түрде әкелініп, белгіленген тәртіппен рәсімделсе, ол процедурадан еш қиындықсыз өтеді.

«Сұр» импорт кезінде, яғни кедендік рәсімдеусіз және міндетті төлемдерді төлеусіз әкелінгенде жағдай қиындайды. Мұндай кезде жүйе құрылғының айналымда болу заңдылығын растай алмайды, бұл тіркеуден бас тартуға себеп болады.

Азаматтар үшін верификация толығымен тегін. Әлеуметтік желілерде айтылып жүрген 2 АЕК мөлшеріндегі сома халыққа қатысты емес. Импорттаушылар мен ресми дистрибьюторлардың әр құрылғы үшін 1 АЕК құнында верификация қызметін көрсетуге коммерциялық келісімшарттары бар, алайда бұл төлемнің өзі процедурадан өтуге кепілдік бермейді. Заңды түрде әкелінуін, салықтар мен кедендік төлемдердің төленгенін растау міндетті шарт болып қала береді.

Осылайша, верификация — бұл барлық құрылғыны ақылы тіркеу емес, олардың заңды айналымын растау және адал бизнес пен тұтынушылардың мүддесі үшін ашық нарық қалыптастыру механизмі.

Бұрын сатып алынған телефондарды тіркеуден бас тарту себептері

Ең алдымен, екі түрлі жағдайды ажыратып алу маңызды:

  • Жаңадан әкелінген құрылғыны верификациялау.
  • 2025 жылғы 25 маусымға дейін желіде іске қосылған, бұрын сатып алынған телефонның IMEI-ін растау қажеттілігі туралы хабарлама.

Пайдаланушылар жаңа құрылғыны верификациялау процедурасын қолданыстағы телефонда SIM-картаны ауыстырғанда немесе eSIM қосқанда келуі мүмкін хабарламамен жиі шатастырады. Бұл 2025 жылғы 25 маусымға дейін сатып алынған және желіде белсенді болған құрылғыларға қатысты. Мұндай жағдайлардың басым көпшілігінде бірінші IMEI-і бұрыннан расталған сол құрылғы туралы сөз болады. Жүйе тек екінші IMEI-ді бұрын расталған құрылғыға таңуды (тіркеуді) ұсынады.

Бұл үшін екінші IMEI-ді растаудың жеңілдетілген тегін процедурасы қарастырылған. Мұндағы маңызды шарттар: құрылғы бірінші IMEI бойынша тіркелген болуы керек және екі IMEI де бір ЖСН-ге рәсімделуі тиіс. Жеңілдетілген схема тек бірінші IMEI-і расталған бір құрылғыға қатысты ғана қолданылады. Егер бұл жаңа құрылғы болса және IMEI-1 бұрын верификациядан өтпеген болса, онда заңды әкелінуі мен сатып алынғаны туралы растаушы құжаттарды ұсына отырып, стандартты процедура жүреді.

Осылайша, 2025 жылғы 25 маусымға дейін іске қосылған құрылғылар бойынша SIM-картаны ауыстырғаннан немесе eSIM қосқаннан кейін верификация туралы SMS алу — телефонды бұғаттау немесе тіркеуден бас тарту емес, тек екінші IMEI-ді растау қажеттілігімен байланысты.

Верификациялау регламенті мен тәртібі

Құрылғыларды верификациялау kz-imei.kz порталы және eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы бекітілген регламентке сәйкес жүзеге асырылады. Портал штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Өтінімдердің қабылданбауы техникалық ақауларға байланысты емес. Негізгі себептер — құрылғының заңды жолмен әкелінуі мен рәсімделуі туралы тиісті растаушы құжаттардың болмауы, сондай-ақ өтінімді толтырудағы қателіктер (IMEI-дегі қателер, брендтің, IMEI санының қате көрсетілуі және т.б.).

Пайдаланушыларға көмектесу үшін техникалық қолдау қызметі, соның ішінде тегін байланыс орталығы (call-центр) ұйымдастырылған. Азаматтар мен кәсіпкерлер өтінімді дұрыс толтыру және ескертулерді жою бойынша кеңес пен түсініктеме алу үшін жүгіне алады.

Құрылғы бұғатталмауы үшін не істеу керек?

Сатып алмас бұрын, ең алдымен құрылғының мәртебесін және көрсетілген IMEI-кодтардың дұрыстығын тексеру қажет:

  • *#06# пәрменін теріп, IMEI-ді тексеру;
  • Қораптағы және баптаулардағы IMEI-ді салыстыру;
  • Құрылғының верификациясын тексеру (eGov Mobile қосымшасы, imei.rfs.gov.kz немесе kz-imei.kz сайттары арқылы).

Құрылғы тауарды заңды түрде әкелетін және белгіленген тәртіппен рәсімдейтін ресми сатушыдан сатып алынса, верификациялауда ешқандай мәселе туындамайды.

Ал бейресми сатушылардан сатып алған жағдайда, сатып алушы құрылғының заңды әкелінуінің расталмауына байланысты барлық тәуекелдерді өз мойнына алады. Сондықтан, өз қауіпсіздігіңіз үшін мобильді құрылғыларды тек ресми сауда нүктелерінен сатып алу ұсынылады.