Елдегі барлық мәслихат тарады, жаңа сайлау болады

Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды.

Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды.

Жарлық жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің бірінші сессиясында елдегі бүкіл мәслихаттың тарайтынын хабарлаған. 

«Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды», — деген.