Қазақстанда инвестициялық құралдарға сұраныс артып келеді. Қазір елде 5,2 млн брокерлік шот ашылған, оның ішінде шамамен 276 мыңы белсенді.
Зейнетақы активтерінің көлемі 27 трлн теңгеден асты. Ал акциялар нарығының капиталдандыруы мен KASE-де айналыстағы корпоративтік облигациялардың көлемі шамамен 64,5 трлн теңгені құрайды.
Алайда капитал нарығы әзірге экономиканы қаржыландыру функциясын толық атқарып отырған жоқ.
Негізгі мәселелер:
институционалдық инвесторлар мен жеке эмитенттер ауқымының шектеулі болуы;
акциялар нарығының жоғары деңгейде шоғырлануы;
қайталама нарықтағы өтімділіктің жеткіліксіздігі.
Сондықтан келесі кезеңде басты мақсат нарық көлемін ұлғайту ғана емес, капитал нарығының экономикадағы рөлін сапалы түрде кеңейту болмақ.
Реформаның негізгі міндеті — ішкі жинақтарды бизнес пен инвестициялық жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыруға бағыттау.
Осы мақсатта Капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасы әзірленді. Құжат 7 стратегиялық бағыт пен 35 бастаманы қамтиды.
Бағдарламаның заңнамалық негізі ретінде «Капитал нарығы туралы» жаңа заң қабылданбақ. Ол 11 кодекс пен 24 заңға өзгерістер енгізуді көздейді.
Заң жобасын жыл соңына дейін Құрылтайға енгізу жоспарланып отыр.