Қазақстанда шағын және орта бизнес (ШОБ) соңғы бес жылда тұрақты өсім көрсетіп, бүгінде ел экономикасының шамамен 40%-ын қалыптастырып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, осы кезеңде ШОБ саласында жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 30% артқан.
2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда салық төлеушілердің жалпы саны 2,806 млн-ға жеткен. Бұл жыл басымен салыстырғанда 367 мыңға көп. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 543,5 мың адамға дейін өскен.
Министрдің мәліметінше, биыл бес айдың қорытындысы бойынша салық түсімдері 18% артқан. Оның ішінде қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша түсімдер 45,1% өсті.
Экономиканың негізгі өсім драйвері ретінде өңдеу өнеркәсібі қалып отыр. Жоғары өсім машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, фармацевтика, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі, құрылыс және көлік қызметтері салаларында сақталған. Сондай-ақ сауда, ауыл шаруашылығы және ақпарат пен байланыс секторларында да оң динамика байқалады.
Министрдің бағалауынша, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы кемінде 5% өседі.