Ресми деректерге сәйкес, 2014 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан экспортында формалды түрде «өңделген» өнімдер көбейген сияқты көрінеді. Кеңейтілген экономикалық категориялар әдіснамасы бойынша кеден статистикасы Қазақстан экспорты құрылымындағы шикізат тауарларының үлесі 2014 жылғы 77%-дан 2024 жылы 65%-ға дейін төмендегенін көрсетеді, деп жазады Ернар Серік.

Бір қарағанда, бұл экономиканың біртіндеп әртараптандырылып, өңдеу өнеркәсібі үлесінің артқанын білдіретіндей көрінеді. Алайда шикізат үлесінің төмендеуі тек өңделген тауарлар экспортының ұлғаюымен емес, сонымен бірге шикізат экспортының жалпы көлемінің азаюымен де түсіндіріледі — 2014 жылы 61 млрд доллар болса, 2024 жылы 53,1 млрд долларға дейін, яғни 13% төмендеген.

Басқаша айтқанда, өңделмеген экспорттың үлесі статистикалық тұрғыда ішінара «өскендей» көрінеді, себебі шикізат жеткізілімі әлемдік бағаның төмендеуі, логистикалық дәліздердің өзгеруі сияқты сыртқы факторлардың әсерінен қысқарған.

Жалпы алғанда, «өңдеу өсімін» дұрыс түсіну үшін тауарлық топтардың нақты құрамына терең талдау қажет.

Өңдеу құрамына шикізаттектес өнім де, реэкспорт та кіреді

Ресми статистикада өңделген тауарларға аралық өнімдер (жартылай фабрикаттар) мен дайын өнімдер кіреді. Алайда бұл топқа сонымен қатар минималды өңдеуден өткен өнімдер («шикізат текстес») мен реэкспорттық тауарлар (компьютерлер, телефондар, ұшақтар, іштен жанатын қозғалтқыштар және т.б.) да енгізіледі.

Мысалы, 2024 жылы Қазақстанның негізгі «өңделген» экспорттық тауарларының қатарында табиғи уран, катодты мыс, феррохром, мырыш, күміс, алюминий және т.б. бар.

Бұл дегеніміз, «өңделген экспорттың» басым бөлігі іс жүзінде өңдеудің төмен деңгейіне ие, шикізатқа жақын өнімдерден тұрады деген сөз.

Менің бағалауымша, осындай тауарлардың үлесі Қазақстанның ресми «өңделген экспортының» шамамен 52%-ын құрайды, яғни 28,6 млрд доллардың 14,9 млрд долларын қамтиды.

Демек, мемлекет өңделген экспорт үлесінің өскенін хабарлауы мүмкін, бірақ бұл өсімнің көп бөлігі қарапайым металлургиялық өнімдер мен аз өңдеуден өткен басқа тауарлардың есебінен қамтамасыз етіліп жатқанын бәріміз түсінеміз.

Реэкспорт та «өңдеу» ретінде көрсетіледі

Өңделген экспорт құрамында жоғары технологиялы тұтыну тауарлары да бар — смартфондар, компьютерлер, тұрмыстық электроника, сондай-ақ жөндеуге шетелге шығарылатын ұшақтар.

Қазақстан мұндай өнімдерді өндірмейді, сондықтан бұл көрсеткіштердің барлығы – реэкспорт.

Менің бағалауымша, осындай реэкспорт көлемі экспорт статистикасында 2,9 млрд долларға жеткен, бұл ресми «өңделген экспорттың» шамамен 10%-ына тең.

Мысалы, 2024 жылы Қазақстан, ресми мәліметтер бойынша, мыналарды «экспорттаған»: 20 ұшақ – 887 млн доллар, 1,45 млн смартфон – 390 млн доллар, 25 кН-нан жоғары тарту күшіне ие 22 турбореактивті қозғалтқыш – 159 млн доллар,  117 мың түрлі-түсті монитор – 47,3 млн доллар және т.б.

Қазақстан транзиттік елге айналды

Ресейге қарсы санкциялық шектеулер Қазақстанды бұрын экспортқа тән болмаған тауарлар үшін транзиттік арнаға айналдырды.

Бұрын мұндай өнімдердің дистрибуциясы Ресей арқылы жүзеге асса, 2022 жылдан бастап көтерме жеткізулер Қазақстан мен Орталық Азия елдері арқылы өтуде.

Осылайша, техника экспортының «қағаз жүзіндегі өсуі» елдегі нақты өндіріс өсімін көрсетпейді — қазақстандық компаниялар тек басқа елдерде өндірілген өнімдерді қайта жөнелтуші ретінде әрекет етеді.

Нақты өңдеу іс жүзінде өспеген

Менің есебімше, реэкспорт пен «шикізат текстес» алып тастағанда, өңдеуші өнім экспортының нақты көлемі 2024 жылы ресми жарияланған 28,6 млрд доллар орнына 10,8 млрд доллар болды. Осыған сәйкес, үлес те шамамен 35%-дан 13%-ға дейін, яғни үш есе төмендеген.

2014 жылдан бері «тазартылған» өңделген экспорт бар болғаны 1,8 млрд долларға немесе 20%өскен (2014 жылы 9,0 млрд доллар болған).

Айтарлықтай серпіліс тек 2022 жылы байқалды: 2021 жылы мұндай экспорт 7,8 млрд доллар болса, 2022 жылы 10,9 млрд долларға жеткен.

Алайда бұл өсім өнеркәсіптік серпіліспен емес, сауда ағымдарының Қазақстан арқылы қайта бағытталуымен байланысты болуы мүмкін. Қысқа мерзімде мұндай сауда кейбір компанияларға пайда әкелгенімен, ол жергілікті өндірісті дамытуға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпейді.

Әртараптандыру – формалды сипатта

Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, 2014 жылдан бері экспорттың нақты әртараптандырылуы болған жоқ деуге болады. «Шикізат текстес» өнімдерді қоса есептегенде экспорт құрылымы айтарлықтай өзгермеген.

2014 жылдан бері шикізат және жартылай шикізат үлесі небәрі 4 пайыздық тармаққа ғана төмендеген — 87%-дан 83%-ға дейін.

Осылайша, ресми статистикадағы «өңделген экспорттың» артуы — төмен өңделген және реэкспорттық тауарларды есепке алудың формалды нәтижесі ғана болып шықты.

Мемлекеттік қолдау терең өңдеуге бағытталуы керек пе?

Осы жағдайға сүйене отырып, мемлекеттік қолдау шаралары нақты өңдеу өнеркәсібінің, яғни жартылай шикізат пен реэкспорттан тазартылған өнім экспортының (бар болғаны 13%) дамуына бағытталуы тиіс пе деген сұрақ туындайды. Өйткені жартылай шикізат жеткізушілер онсыз да әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және мемлекеттік қолдауды қажет етпейді.

Сондықтан индустриялық саясат пен экспортты қолдау құралдары шынымен де жоғары технологиялы және терең өңдеуші салаларға бағытталуы керек пе, әлде қазіргі жағдайда Қазақстандағы терең өңдеу көп жағдайда бәсекеге қабілетсіз екенін мойындап, одан да шынайы қадам — қосылған құн тізбегінде бір сатыға (+1 деңгейге) ілгерілеуді (мысалы, катодтар, ферроқорытпалар, концентраттар және т.б.) таңдаған жөн бе?

Мұндай кезең-кезеңімен ілгерілеу тәсілі тез қайтарым беретін салаларды қалыптастыруға, кәсіби құзыреттерді арттыруға және біртіндеп өңдеуді тереңдетіп, болашақта технологиялық өндірістердің негізін қалауға мүмкіндік береді.