Қазақстанда 2025 жылдың соңына қарай инфляцияның 13%-ға дейін өсу қаупі байқалады. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) өзінің қорытынды мәлімдемесінде осындай болжам келтірген.

Сонымен бірге, онда Қазақстандағы экономикалық белсенділік тұрақты екені айтылған. ХВҚ бағалауы бойынша, нақты ІЖӨ өсімі 2025 жылы 2024 жылғы 5%-бен салыстырғанда 6%-дан сәл жоғары болады. Бұл мұнай өндіру көлемінің артуы және ішкі сұраныстың жоғары болуымен байланысты. Сондай-ақ салық-бюджет саясаты жұмсақ күйінде қалып отыр, оған Ұлттық қордан бөлінетін ірі трансферттер ықпал етеді. Мұнайдан тыс тапшылық ІЖӨ-нің 8%-дан жоғары деңгейінде болады деп болжануда.

«Қазіргі әлеуеттен жоғары қарқынмен өсімнің жылдамдауы экономиканың қызып кетуіне байланысты қысым туғызды және жалпы инфляция деңгейіне әсер ететін маңызды факторға айналды. Болжам бойынша, инфляция жыл соңында 13%-ға жақындайды», — делінген ХВҚ мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, ХВҚ Қазақстан экономикасына қатысты болжам сыртқы оқиғаларға байланысты нашарлауы мүмкін екенін айтады. Оларға Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінде экономикалық өсімнің баяулауы немесе инфляциялық қысымның қайта күшеюі, сондай-ақ мұнай бағасының төмендеуі немесе Каспий Құбыр желісі консорциумы арқылы мұнай экспортындағы ұзақ әрі елеулі іркілістер жатады.

ХВҚ ішкі тәуекелдерге инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың ықтимал кешігуін және бюджеттік шоғырландыруды жүргізудегі кідірістерді жатқызды. Сондай-ақ күтілгеннен жоғары инфляция болуы мүмкін. Бұл ақша-несие саясатын одан әрі қатаңдатуға әкелуі ықтимал. Бұған қоса, мемлекеттік субсидияланған схемалар арқылы қаржыландырылатын ірі инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыру болжанған өсім және инфляция көрсеткіштерінің асып кетуіне әкелуі мүмкін.