2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстан экономикасы 6,5% өсті. Бұл өткен жылғы 3,7%-бен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. Алайда сарапшылар мұндай қарқын қымбатшылықты күшейтеді деп ескертеді.
Негізгі көрсеткіштер
BCC Invest талдауына сәйкес, негізгі үлесті тауар өндірісі қосты – 8,8%, оның ішінде: кен өндіру саласы – +9,7% (Теңіз кен орнының кеңеюінің әсері); құрылыс – +18,1% (тұрғын үй мен инфрақұрылымдық жобалар есебінен); өңдеу өнеркәсібі – +6,5% (машина жасау, металлургия, экспорттық өнімдер); ауыл шаруашылығы – +3,4%. Қызмет көрсету саласында да серпін бар – 5,1%. Негізгі үлес: сауда – +8,9%; көлік және қоймалау – +21,5% (шикізат тасымалының артуы).
Инфляциялық тәуекелдер
Экономикадағы жоғары белсенділік ақша айналымының жылдамдауына ықпал етіп отыр. Ұлттық банк дерегінше, ақша массасы бір жылда +16,6%, ал ІЖӨ – +6,5% өсті. Бұл айырмашылық қосымша қысым тудырып, тамыздағы инфляцияны 12,2%-ға жеткізді.
«Бюджет шығындарының ұлғаюы, тарифтік реформалар мен тұтынушылық несиенің артуы да қымбатшылықты күшейтетін негізгі факторға айналды. Жылдам экономикалық өсім – жақсы көрсеткіш. Бірақ ол ақша массасымен теңгерілмесе, инфляцияны үдететін факторға айналады», – дейді BBC Invest экономисі Тоқтасын Бақберген.
Осы себепті сарапшылар алдағы уақытта Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеру ықтималдығы жоғары екенін атап өтті. Бұл – несие беру белсенділігін тежеу және ақша айналымын тұрақтандыру үшін қажет қадам.
«Экономиканың 6,5%-ға жетуі – оның әлеуетін көрсетеді. Алайда инфляцияның күшеюі бұл өсімнің сапасын төмендетуі мүмкін. Басты сынақ – экономикалық серпінді халықтың нақты табысына және ұзақмерзімді тұрақтылыққа айналдыру», – дейді сарапшылар.