Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Сарапшылар Brent маркалы мұнай бағасы, Қазақстан экономикасының өсуі, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты және импорты, сондай-ақ теңге бағамы бойынша болжамдарын ұсынды.
Мұнай бағасына қатысты сценарийлік шарттар айтарлықтай өзгерген жоқ: 2026 жылға Brent маркалы мұнай бағасы бойынша күтулер біршама төмендеп, барреліне 82,7АҚШ долларын құрады. 2027 жылға болжам барреліне 75 АҚШ доллары деңгейінде сақталса, 2028 жылға арналған болжам аздап өсіп, 73,7 АҚШ долларына дейін көтерілді.
Қазақстан экономикасының өсуіне қатысты болжам бүкіл кезеңде өзгеріссіз қалды. ЖІӨ өсімі 2026 жылы 4,8%, 2027 жылы – 4,6%, 2028 жылы – 4,3% деңгейінде күтіледі.
Сарапшылар 2026 жылға арналған инфляция болжамын 10% деңгейінде сақтады. 2027 жылғы болжам 7,8%-дан 8,5%-ға, 2028 жылғы болжам 6,8%-дан 7%-ға дейін өсті.
2026 жылға арналған базалық мөлшерлемебойынша күтулер медианасы 16% деңгейінде сақталды. 2027 жылғы болжам 12,8%-дан 13%-ға дейін өсті, ал 2028 жылғы болжамның көрсеткіші 10,6%-дан 10,5%-ға дейін біршама төмендеді.
Сонымен қатар ұлттық валюта бағамына қатысты болжамдар айтарлықтай жақсарды. 2026 жылы доллардың орташа бағамы бұрынғы 500 теңгенің орнына 490 теңге болады деп күтілуде.
2027 жылы сарапшылар доллар бағамын 516,2 теңге деп болжап отыр, бұған дейінгі болжам — 532,1 теңге. Ал 2028 жылға арналған болжам 566,6 теңгеден 562,2 теңгеге дейін төмендеді.