Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті сатушылар қандай жағдайда бір тауарға әртүрлі баға қоюға құқылы екенін түсіндірді. Егер сатушы бөліп төлеуді өз қаражаты есебінен берсе, ол тауардың бағасын көтере алмайды. Бұл жағдайда түпкілікті сома қолма-қол төлегенмен бірдей болуға тиіс. Бұл туралы комитеттің мемлекеттік саясат қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан Тағашев айтты. 

«Егер бөліп төлеуді сатушының өзі банктің қатысуынсыз ұсынатын болса, тауардың бағасы қымбаттамауы керек. Ал бөліп төлеу банк арқылы рәсімделсе, онда қаржы ұйымының комиссиялары мен пайыздарына байланысты баға жоғары болуы мүмкін», — деді ол.

Басқарма басшысының сөзінше, бөліп төлеу кезінде бағаның өсетіні туралы сатып алушыны алдын ала хабардар етпеген жағдай құқық бұзушылық болып саналады және мұндай жағдайда азаматтар Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағымдана алады.