2025 жылдың қаңтарында Қазақстанның таза халықаралық резервтері бір айда 3,29% және бір жылда 29,7% өсіп, 45 млрд доллардан асты, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Таза халықаралық резервтер – бұл Ұлттық банктің жалпы резервтері мен оның шетел валютасындағы міндеттемелері арасындағы айырма. Ал жалпы резервтер валюта мен алтын түріндегі қорлардың қосындысы.
Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері қаңтарда 47,1 млрд долларға жетті. Оның ішінде валюталық активтер 21,3 млрд долларды (бір айда -3%), алтын қоры 25,8 млрд долларды (бір айда +8,36%) құрады.
Бұл Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері қаңтарда алтын қорының өсуіне байланысты көбейгенін білдіреді.
Ұлттық банк Ұлттық қордың валюталық активтері бойынша жекелеген статистикалық мәліметтерді ұсынады. Қаңтарда олар 0,56% азайып, 58,5 млрд долларды құрады, нәтижесінде Қазақстанның таза халықаралық резервтері Ұлттық қордың валюталық активтерімен бірге 103,5 млрд долларға жетті.