Көктемгі егіс жұмыстарына 402 мың тонна отын жеткізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«2026 жылғы қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері биылғы жылдың 1 ақпаны мен 30 маусымы аралығындағы кезеңге арналған «2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 402 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесін» бекітті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 2025 жылы дизель отынының бағасы белгіленген станцияда ҚҚС-ты есептегенде литріне 232 теңгені құраса, түпкілікті баға — 254 теңге/литр болды. Бұл жанармай құю бекеттеріндегі бағадан 15-40% арзан», — деді ол.

Дизель отынының қозғалысын бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • жеке ПИН-кодтар алынды;
  • дизель отынын сары, көк және қызыл түстерге бояу енгізілді;
  • электрондық шот-фактуралар жүйесінде дизель отыны үшін бөлек виртуалды қойма құрылды.

«Бұл шаралар мұнай жеткізушілер тарапынан АШТӨ операторларының мекенжайына мақсатты түрде сатылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 800 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінген кезде, 2023-2025 жылдары АШТӨ тарапынан өңірлерге жөнелтілген отынның іс жүзіндегі көлемі жоспардың шамамен 80%-ын құрады», — деді министр.

2025 жылы қосымша астық және майлы дақылдарды кептіруге 60 мың тонна дизель отыны бөлінді, осылайша АШТӨ үшін бөлінген дизель отынының жалпы көлемі 863 мың тоннаны құрады. Жөнелту жұмыстары АШТӨ-нің өтінімдеріне, төлемнің жүргізілуіне және вагондардың берілуіне байланысты жүзеге асырылады.