Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп ет бағасын тұрақтандыру және делдалдар тарапынан негізсіз үстемеақы қосуды болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифинг барысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Оның айтуынша, елімізде өндірілетін еттің көлемі жеткілікті. Сауда орындарына жүргізілген үш күндік бірлескен рейдтер барысында фермерлердің көтерме саудада өз өнімдері келісін 3 000-3 500 теңгеден өткізетіні анықталды. Сонымен қатар делдалдардың аз уақыт ішінде ет бағасын едәуір көтеріп жіберетіні де белгілі болды.
«Бір жерден 3 200-ден сатып алып, сауда желілеріне 3 800 теңгеден тапсыратын фактілер кездесті. Бір сағат ішінде бір килограмнан 600 теңге пайда табады. Делдалдармен жұмыс жүргізу керек. Біз сауда министрлігімен бірлесіп бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз», – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Айта кетсек, Қазақстанда ет пен құс еті 14 жылда болмаған қарқынмен қымбаттады. Сиыр етінің қымбаттауын тоқтату үшін енгізілген шектеулер айтарлықтай нәтиже бермейді. Сарапшылар экспортқа тыйым сала отырып, мемлекет ет бағасын төмендетудің орнына бүкіл саланың дамуына кері әсер етуі мүмкін деді. Жалпы, сиыр етінің нарықтағы бағасы өзіндік құнынан екі есе жоғары. Сондай-ақ биыл алты айда сиыр етінің экспорты 2,4 есе, қой етінікі 2,6 есе көбейді.