Декреттегі әкелерге жәрдемақы берілмейтін болды

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтімі бойынша демалысқа шыққан әкелерге ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленбейді. Алайда ер адамдардың бала күтіміне байланысты демалысқа шығу құқығы сақталады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бала 1,5 жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақының атауы мен мақсаты өзгереді. Енді ол аналар мен балаларды қолдауға арналған төлем ретінде қарастырылады.

«Ер адам декреттік демалысқа шығып, баласына күтім жасай алады, бірақ жәрдемақы алмайды. Төлемді тек анасы алады», – деді Асқарбек Ертаев ОКҚ брифингінде.

Егер әкесі бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, анасы жұмысқа қайта шықса да, бала 1,5 жасқа толғанша әйел адам мемлекеттік жәрдемақы ала алады.

Төлемнің қайдан қаржыландырылатыны отбасының әл-ауқат санатына және ананың жұмыс істеген-істемегеніне байланысты болады:

▪️ А және В санатындағы отбасыларға — жәрдемақы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен төленеді.

▪️ С, D және Е санатындағы отбасыларға — бала туғанға дейін жұмыс істеген аналарға төлем МӘСҚ қаражаты есебінен беріледі.

▪️ С, D және Е санатындағы жұмыс істемеген аналарға — жәрдемақы республикалық бюджеттен төленеді.

Егер әкесі баланы жалғыз тәрбиелеп отырса, оған әлеуметтік төлем тағайындалады.