Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы 2024 жылы 379,6 млн теңге таза пайда тапты. 2023 жылды клуб 104,5 млн теңге шығынмен аяқтаған еді. Соның арқасында клубтың жинақталған берешегі бір жылда 380 млн теңгеден 9,8 млн теңгеге дейін қысқарды.

Клубтың жылдық табысы 1,7 млрд теңгені құрады (2023 жылы – 1,5 млрд теңге). Бұл өсімге ойыншыларды сату емес, негізінен қаржылық қолдаулар әсер еткен.

Қатысты тараптардан түскен салымдар мен қайырымдылық – 1,07 млрд теңге.

Спонсорлық көмек – 481,3 млн теңге (бір жылда 60% артқан).

УЕФА-дан сыйақылар мен төлемдер – 94,3 млн теңге.

Өзге табыстар – 38 млн теңге.

Айта кетерлігі, 2023 және 2024 жылдары клуб трансляция құқығын сатудан табыс тапқан жоқ.

Жалақы қоры қысқарып, 1 млрд теңгеден 675,2 млн теңгеге түсті. Командалық сапарлар мен тұру шығындары 232,7 млн теңгеге жетті, тамақтануға – 62,3 млн теңге жұмсалды. Клуб спорттық құрал-жабдық пен дәрі-дәрмекке бөлінетін қаражатты екі жарым есе азайтты (20,5 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін).

2024 жылы «Шахтердің» сауда қарызы 67,1 млн теңге болды. Оның ішінде QazTehna компаниясына – 41,1 млн теңге, коммуналдық кәсіпорынға – 18,3 млн теңге қарыз. Сонымен қатар клуб алғаш рет 71,9 млн теңгеге жаңа көлік сатып алған.

Айта кетсек, «Шахтер» клубының 100% акциясы Қарағанды облысы әкімдігіне қарайтын спорт басқармасына тиесілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруді жеделдету қажеттігін айтқан еді