Болгария Президенті Румен Радевтің Қазақстанғс ресми сапары аясында бірқатар келісімге қол жеткізілді.

Атап айтқанда, мемлекеттер басшыларының қатысуымен мынадай құжаттарды алмасу рәсімі өтті: 

1. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум; 

2. Астана мен София қалалары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Шымкент және Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум; 

4. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; 

5. «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Мемлекет басшысы Қасы-Жомарт Тоқаев пен бүгінгі келіссөз мазмұнды болғанына, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгеніне мән берді.

– Атап айтқанда, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аудардық. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр, бұл – жақсы үдеріс. Елімізде 60-қа жуық болгар компаниясы бар. Олар түрлі салада табысты жұмыс істеп жатыр. Дегенмен елдеріміздің экономикалық әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұл көрсеткішті ұлғайта түсуге мол мүмкіндік бар. Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе, мұнай-газ, жаңартылатын энергия, «жасыл» энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік, – деді Президент.

Сондай-ақ көлік-логистика секторындағы байланысты дамыту мәселесіне назар аударылды. 

Тараптар бүгінде стратегиялық сауда жолының біріне айналған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Болгарияның «Бургас» және «Варна» теңіз порттарын қосу мәселесін қарастыруға келісті. 

Мемлекет басшысы бұл жұмысқа екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы баса мән беру қажет деп санайды. Президент Комиссия аясында Көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Бұдан бөлек, Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Елімізге Президент Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Бүгін бизнес форум өтеді, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бизнес-форумға біз, екі ел басшылары да қатысатын болдық. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетінін аңғартады. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін «Қазақстан – Болгария» іскерлік кеңесін құруды ұсындым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.