Әлемдік экономикада климаттық және табиғи апаттар жүйелі факторға айналып отыр. 2025 жылдың алғашқы жартысында табиғи апаттардан келген залал 162 млрд доллар болды. Оның ішінде сақтандыру компаниялары өтеген шығын рекордтық 100 млрд долларға жетті. Бірақ айырмашылық айқын: дамыған елдерде залалдың 50%-дан астамы сақтандыру арқылы жабылса, Азия мен Африкада бұл көрсеткіш 10%-дан төмен. Қазақстан да осал елдердің қатарында, деп жазады economykz.org.
Негізгі қауіп аймақтары
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары негізінен су тасқыны мен селге ебйім. 2024 жылдың көктемінде 10 өңір зардап шеккенімен, бар-жоғы 166 сақтандыру өтініші ғана тіркелді. Шығынның басым бөлігі бюджетке түсті.
Алматы мен Жетісу облыстарында 7 баллдан жоғары дүмпу қаупі бар. Мұндай тәуекелді мемлекеттік пулсыз жабу мүмкін емес.
Қуаңшылық пен дала өрттері – климаттық өзгерістер ауыл шаруашылығына тікелей қауіп төндіріп отыр. Жер көшкіні – Жамбыл және Түркістан облыстарында жиілеп келеді.
Қазақстанда мүлікті сақтандырудың таралу деңгейі бар-жоғы 3,2%, Алматыда – 7,7%. Табиғи апаттарға қарсы міндетті сақтандыру жүйесі жоқ. Сақтандыру компанияларының резервтері бір орташа деңгейдегі төтенше жағдайды ғана жаба алады.
Сарапшылар не ұсынады?
Сарапшылар тұрғын үй мен шағын және орта бизнес үшін, әсіресе Алматы мен сел, тасқын қаупі жоғары өңірлерде міндетті сақтандыру енгізуді; ұлттық апаттық пул құруды (мемлекет пен жеке сектор бірлесіп, тәуекелді бөлісуі тиіс), агросақтандыруды дамытуды, алдын алу шараларыын қолға алуды, сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қорын күшейтуді ұсынады.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай шешімдер қабылданбаса, ірі жер сілкінісі немесе ауқымды су тасқыны Қазақстан экономикасын бірнеше жылға артқа шегіндіруі мүмкін.