Қыркүйек айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексі 50,9 пунктті құрады. Бұл тамыздағы деңгейден (51,0) айтарлықтай айырмашылық көрсетпесе де, экономикадағы өсім қарқынының баяулағанын білдіреді. Индекс 50-ден жоғары болғандықтан, іскерлік белсенділік сақталып отыр, алайда экономикалық серпіннің әлсіреуі елдің тұрақтану кезеңіне өткенін аңғартады.

Іскерлік белсенділік индексі – өндіріс, сұраныс, жұмыспен қамту және жеткізілім мерзімдері сияқты көрсеткіштер негізінде қалыптасатын интегралды өлшем. 50-ден жоғары мән экономикалық өсімді, 50-ден төмен нәтиже қысқаруды білдіреді.

Салалардағы жағдай

Өндіріс секторы бизнес белсенділіктің негізгі драйвері болып отыр. Қыркүйекте бұл саладағы индекс 53,0 пунктті құрады (тамызда – 53,8). Бұл сұраныстың сақталғанымен, өсім қарқынының төмендегенін көрсетеді.

Қызмет көрсету саласы 51,0 пункт деңгейінде қалды. Бұл ішкі тұтынудың тұрақты екенін білдіреді, бірақ көрсеткіштің аздап төмендеуі нарықтағы қозғалыстың баяулағанын аңғартады.

Сауда секторы 50,8 пункт деңгейінде – яғни, өсім мен стагнация арасындағы тепе-теңдік жағдайында.

Құрылыс (49,5) пен кен өндіру (49,3) салалары әзірге теріс аймақта болғанымен, алдыңғы аймен салыстырғанда ілгерілеу бар. Бұл секторларда белсенділіктің біртіндеп қалпына келе бастағанын және инвестициялық сенімнің қайта жанданып жатқанын білдіреді.

Өңірлердегі белсенділік

Іскерлік белсенділіктің өсуі елдің 20 өңірінің 16-сында тіркелді.

Көш басында – Шымкент қаласы (63,7 пункт). Мұнда инвестициялық қозғалыс пен бизнес сенімі айтарлықтай жоғары.

Ал ең төмен көрсеткіш Алматы облысына тиесілі (44,8 пункт). Өңірдегі құрылыс пен сауда салаларындағы баяулау жалпы экономикалық динамикаға кері әсер етіп отыр.

Бизнес-климат

Бизнес-климат индексі 10,3 пунктті құрап, оң аймақта қалды. Бұл бизнес өкілдерінің экономикалық жағдайды әлі де оң бағалайтынын, бірақ сақтық таныта бастағанын білдіреді.

Қазіргі жағдайға баға 3,2 пунктке дейін төмендеді, ал алдағы алты айға деген күтім 17,7 пункт деңгейінде қалып отыр. Бұл көрсеткіштер бизнестің оптимизмі сақталғанымен, нарықтағы белгісіздіктерге байланысты оның біртіндеп бәсеңдеп жатқанын көрсетеді.