Салық қарызы 6,5 млн теңгеге дейін жиналып қалған шағын және орта бизнес өкілдері мүлкін кепілге қоймай немесе банк кепілдігінсіз-ақ бір жылға дейін төлем мерзімін ұзарта алады. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді.
Мәселе 2026 жылдан бастап 1,5 мың АЕК-ке дейінгі берешек туралы болып отыр. Жаңа ережелер кепілді бағалау мен сақтандырудан бас тарту арқылы құжат рәсімдеуді жеңілдетіп, мерзімін қысқартады. Көлденең мониторингке қатысушылар үшін де кепілсіз әрі кепілдіксіз бөліп төлеу мүмкіндігі 12 айға дейін беріледі.
Өндірушілер үшін де бөлек жеңілдік қарастырылған. Олар өз өнімдерін шығаруға қажетті тауарларды импорттаған кезде, қосылған құн салығын төлеу мерзімін бір жылға дейін шегере алады. Айта кетсек, жақында Экономика министрлігі елге өңдеу мақсатында әкелінетін және ҚҚС төлеуді кейінге қалдыруға болатын тауарлар тізімін бекіткен еді.
Сонымен қатар әлеуметтік төлем қарызы 26 мың теңгеден асса, берешек мәжбүрлеп өндіріледі.
Ал егер салық берешегі 20 АЕК-ке дейін (2026 жылы — 86,5 мың теңгеге дейін) болса, салық төлеушіге тек хабарлама жіберіліп, өсімпұл есептеледі. Бұл жағдайда шоттарды бұғаттау сияқты қатаң шаралар қолданылмайды.
Ал қарыз 20-дан 45 АЕК-ке дейін (2026 жылы — 86,5 мыңнан 194,6 мың теңгеге дейін) болса, салық органдары берешекті өтеу туралы хабарлама жіберіп, өсімпұл есептейді. Сонымен қатар банк шоттары мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтатып, инкассалық өкімдер қояды.
Егер қарыз 45 АЕК-тен асса, салық органдары берешекті өндіріп алудың барлық шарасын қолданады. Бұған мүлікті тізімге алу және оны сату, сондай-ақ дебиторлар арқылы қаражатты өндіру шаралары кіреді.
Ал қарызы 27 мың АЕК-тен (116,8 млн теңге) асатын 637 салық төлеуші бар. Олардың жалпы берешегі — 827,2 млрд теңге, яғни бұл топтағы әр адамға орташа есеппен 1,3 млрд теңгеден келеді. Мұндай жағдайда компания басшылары, жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын тұлғалар (нотариустар, адвокаттар және т.б.) үшін Қазақстаннан шығуға шектеу қойылуы мүмкін. Бұл шара қарыз үш айдан астам уақыт бойы өтелмеген жағдайда және сот санкциясы болса ғана қолданылады.