Биылдыққа 2 мыңға жуық несие алаяқтықпен алынды

Қазақстанда алаяқтық жолмен рәсімделген несиелер саны 2024 жылғы 8,7 мыңнан 2026 жылы 1,9 мыңға дейін азайды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер басшыларымен кездесуінде айтылды.

Тұтынушылық кредиттердің өсуі баяулады

Агенттіктің мәліметінше, соңғы екі жылда кепілсіз тұтынушылық кредит беруге қойылатын талаптар қатаңдатылды. Атап айтқанда, қарыз алушылардың борыш жүктемесіне қатысты талаптар күшейтіліп, төлем мерзімі 90 күннен астам кешіктірілген кезде жаңа қарыз беруге тыйым салынды. Сонымен қатар тұтынушылық кредит сомасына шектеулер енгізіліп, сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі төмендетілді.

Бұған қоса, банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптар енгізіліп, қадағалау шаралары күшейтілді.

Нәтижесінде банктердің кредиттік портфелінің өсу қарқыны 2025 жылғы тамыздағы 14,6%-дан 2026 жылғы тамызда 7,5%-ға дейін төмендеді. Яғни көрсеткіш шамамен екі есе баяулаған.

Тоғыз айда 144,3 мың өтініш қаралды

Берешекті реттеу мәселелері азаматтардың Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуінің негізгі себептерінің бірі болып отыр.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Агенттік 144,3 мың өтінішті қараған. Оның ішінде:

  • 48%-ы банк секторына;

  • 33%-ы микроқаржы ұйымдарына;

  • 9%-ы коллекторлық агенттіктерге қатысты болған.

Азаматтар берешекті реттеуден бөлек, банктік шоттарға тыйым салу мен оларды бұғаттау, қаржылық алаяқтық және кредиттік тарих мәселелері бойынша да шағымданады.

Осыған байланысты Агенттік қаржы ұйымдарына проблемалық қарыз алушылармен жұмысты күшейтіп, олардың нақты кірісі мен төлем қабілетін ескере отырып, берешекті реттеу жолдарын ұсыну қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы клиенттердің құқықтарын қорғау бөлімшелерінің жұмысына баға беру тәсілін өзгерту ұсынылды. Олардың тиімділігі тек өтініштерге уақытында жауап беруімен емес, азаматтардың мәселелерін нақты шешу нәтижелерімен бағалануы керек.

Алаяқтыққа қарсы қандай шаралар енгізілді?

Алаяқтық жолмен несие рәсімдеудің алдын алу үшін бірқатар шара қабылданған. Олардың қатарында:

  • алғашқы қарызды алу кезінде клиенттің жеке қатысуын талап ету;

  • 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан клиенттердің келісімін растауға қосымша талаптар енгізу;

  • онлайн-қарыз рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіруді қолдану;

  • кредиттік бюроларды Ұлттық Банктің Антифрод-орталығына қосу;

  • бірнеше несие алуға өтінім беру туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде жеткізу;

  • банктердің мобильді қосымшаларында сессиялық антифрод жүйелерін енгізу бар.

Алдағы уақытта банктердің алаяқтық операцияларды анықтау және олардың алдын алу жүйелерін жетілдіру, сондай-ақ осы жүйелердің тиімділігіне тәуелсіз аудит жүргізу жоспарланып отыр.

Қаржы омбудсманының рөлі күшейтіледі

Кездесуде азаматтардың шағымдарын қарау және қаржы ұйымдарымен арадағы дауларды шешу тетіктерін жетілдіру мәселесі де көтерілді.

Егер клиенттің мәселесі банк немесе микроқаржы ұйымы деңгейінде шешілмесе, қаржы омбудсманы дауды тәуелсіз әрі қолжетімді тәртіппен қарауға тиіс.

Осы мақсатта өтініш беруден бастап шешім қабылдауға және оның орындалуын бақылауға дейінгі процестерді FinKomek цифрлық платформасына біріктіру міндеті қойылды.

Платформа азаматтар үшін қаржылық мәселелер бойынша көмек алудың бірыңғай арнасына айналуы керек. Ол өтініштерді тиісті кредиторға немесе қаржы омбудсманына бағыттап, оларды қарау мерзімдерін бақылауға және өтініш берушілерді нәтижелер туралы хабардар етуге мүмкіндік береді.

Қаржы ұйымдары платформаның толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті қаржыландыруды, соның ішінде цифрлық шешімдерді енгізуге жұмсалатын шығындарды қамтамасыз етуге тиіс.

Агенттік өз кезегінде азаматтардың өтініштерін талдап, анықталған заңбұзушылықтар бойынша қадағалау шараларын қабылдайды. Қайталанатын шағымдар жүйелі проблемаларды анықтау және қаржы нарығындағы реттеуді жетілдіру үшін пайдаланылмақ.