2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша, Қазақстанның тамақ өнеркәсібі тауарларының экспорты 3,1 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (2,3 млрд доллар) 36,5% көп. Бұл көрсеткіш бүкіл бақылау тарихындағы ең жоғарғы рекордтық мән саналады.

Бір жыл ішінде Өзбекстанға жеткізілім көлемі 50% өсіп, 868,1 млн долларға, Қытайға – 89% өсіп, 784,3 млн долларға, Ресейге – 18% өсіп, 423,5 млн долларға жетті. Сондай-ақ, Қырғызстанға (+33%, 345 млн доллар), Тәжікстанға (+25%, 184,7 млн доллар) және Түрікменстанға (2,4 есе өсім, 69,4 млн доллар) экспорт айтарлықтай артты. Жалпы алғанда, Орталық Азия елдеріне тамақ өнімдерінің экспорты 44% өсіп, 1,5 млрд долларды құрады. Бұл аймақтың қазақстандық экспорттаушылар үшін басты өткізу нарығы екенін тағы да дәлелдеді.

Тауарлар бөлінісінде күнбағыс майы (68%-ға өсіп, 532 млн долларға жетті) мен мал азығы (2,3 есе өсіп, 497,2 млн доллар болды) бойынша жоғары өсім тіркелді. Бұл тауарлар осы жылға дейін Қазақстанның басты экспорттық тамақ өнімі саналып келген ұнды екінші орынға ысырып тастады.

Сонымен қатар мына тауарлар бойынша да экспорт қарқыны жоғары: Темекі өнімдері: +28% (124,2 млн доллар); Шоколад: +43% (110,7 млн доллар); Салқындатылған сиыр еті: +50% (109,3 млн доллар); Қант: +97% (89,8 млн доллар).

Тамақ өнімдері экспортының мұндай қарқыны қазақстандық агросектордың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Түрлі шектеулер мен тыйымдарға қарамастан экспорттың артуы – саланың тұрақты әрі технологиялық тұрғыдан дамып жатқанын, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнімдерге бет бұрғанын растайды. Орталық Азия негізгі нарыққа айналды, ал экспорт құрылымы май, мал азығы, ет, қант және шоколад есебінен әртараптандырылып жатыр. Бұл Қазақстан АӨК-нің (агроөнеркәсіптік кешен) әлеуеті біртіндеп іске асып жатқанының белгісі — нәтижелер сандардан-ақ көрініп тұр.

Осындай рекордтық көрсеткіштерден кейін мемлекеттік қолдауды ең алдымен осы агросектор алуы керек шығар деген сұрақ туындайды. Мұнда Қазақстан нақты бәсекеге қабілеттілігін, қосылған құнның өсімін және өнімге деген тұрақты сұранысты көрсетіп отыр.