Ұлттық статистика бюросы 2025 жылдың қаңтар және шілде айларында елге келген шетелдік туристер арасында сауалнама жүргізді. Зерттеуге 71 елден келген 24 мың шетелдік азамат қатысты. Олардың 73,1%-ы жеке мақсатпен келген болса, қалған 26,9%-ы — іскерлік сапармен келген.

Зерттеу нәтижесі бойынша, келген туристердің жартысынан астамы 25–44 жас аралығындағы адамдар. Көптеген турист Астана, Алматы және Маңғыстау облысында тіркелген. Курорттық аймақтарға 32,5% турист барған. Ең көп сұранысқа ие бағыттар — Алматы таулы кластері мен Маңғыстау өңірі болды.

Елге кіру немесе шығу кезінде туристердің 33,3%-ы теміржол көлігін, 26,6%-ы әуе рейстерін, ал 22,7%-ы халықаралық автобус бағыттарын пайдаланған.

Туристердің көбі туыстары мен таныстарының үйінде тегін тоқтаған (48,3%), сондай-ақ қонақүйлерде (25,7%) және жалдама пәтер мен үйлерде (21,4%) тұрған. Түнейтін келушілердің орташа болу ұзақтығы — төрт түн.

Статистика бюросының дерегінше, кіріс туризмі бойынша жалпы шығын 4,6 млрд теңгені құраған. Негізгі шығын баптары: елге кіру және шығу кезіндегі көлік шығындары — 2,3 млрд теңге; тұру орындарына төлем — 554,5 млн теңге; мейрамханалар мен кафелердегі тамақтану — 439 млн теңге.

Зерттеу әуежайларда, теміржол вокзалдарында, автостанциялар мен автомобиль өткізу бекеттерінде туристер елден шыққан сәтте жүргізілген.

Сауалнамаға 71 елдің туристері қатысқан, олардың ішінде ең көп келушілер Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан болған.