Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерімен сауда көрсеткіштері 2025 жылы төмендей бастады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қаңтар–шілде аралығында тауар айналымы 16,2 млрд доллар болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,1% азайды.
Экспорт көрсеткіші
Осы кезеңде Қазақстаннан ЕАЭО елдеріне экспорт көлемі 11% төмендеп, 5,5 млрд долларды құрады. Импорт та бар болғаны 1,7% азайды. Нәтижесінде сауда теңгеріміндегі тапшылық тереңдей түсті: Қазақстан одақ елдерінен бұрынғыдай көбірек тауар сатып алып отыр.
Экспорттың жартысынан астамы шикі мұнай мен мұнай өнімдеріне (52,3%) тиесілі. Бұдан бөлек, негізгі салалар – рафинирленген мыс пен мыс қорытпалары (5,2%), радиоактивті элементтер мен изотоптар (3,9%), мыс кендері мен концентраттары (3,7%) және ферроқорытпалар (2,8%).
Импорт құрылымы
Қазақстанға келетін импорт ішінде жеңіл автокөліктер көш бастап тұр (4,4%). Сондай-ақ дәрі-дәрмек (3,3%), автокөлік бөлшектері мен кузовтары (шамамен 4,4% жиынтық үлесі) және телефон құрылғылары (2,1%) көптеп әкелінеді.
Сауда серіктестерінің үлесі
ЕАЭО ішіндегі негізгі әріптес – Ресей Федерациясы (88,9%). Қырғызстанның үлесі – 7,2%, Беларусь – 3,8%, Армения – 0,2%. Қазақстан экспортының жалпы бағыттарына көз жүгіртсек, негізгі серіктестер: Италия (21,6%), Қытай (18,6%), Ресей (10,2%). Импортта Қытай (29%) мен Ресей (28,8%) тең дәрежеде басым түсіп отыр.