Қазақстанда 2025 жылы жалпы 21,7 млн тонна астық жиналады деп болжанып отыр. Бұл өткен жылғы рекордтық 24,6 млн тоннадан едәуір төмен. Оның ішінде бидай – 16,2 млн тонна, яғни былтырғы 18,6 млн тоннадан аз. Мұндай деректерді Қазақстан Астық одағының талдау комитетінің жетекшісі Евгений Карабанов «Зерно Сибири» форумында айтты.

Бұршақты дақылдар көрсеткіші

Астық көлемі қысқарғанымен, майлы дақылдарда оң динамика байқалады. Майлы дақылдардың жалпы көлемі – 4,2 млн тонна (2024 жылы – 3,3 млн) болмақ. Күнбағыс – 2,1 млн тонна (былтыр – 1,8 млн). Зығыр тұқымы – 1 млн тонна (былтыр – 0,76 млн). Бұршақты дақылдар – 1 млн тонна (былтыр – 0,6 млн).

Карабановтың айтуынша, бұл өзгерістер егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасының нәтижесі. Бидай егісі 6,1% қысқарса, бұршақты дақылдар көлемі 1,6 есе, майлы дақылдар 46% артқан.

Жалпы егін көлемі және сапа мәселесі

Жалпы алғанда, 2025 жылы дәнді, бұршақты және майлы дақылдардың жиынтығы 27,1 млн тонна болады деп болжанып отыр. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен небәрі 1,4 млн тоннаға (-5%) аз.

Алайда сарапшылар сапаға алаңдайды. Тамыздағы салқын әрі жауынды ауа райы пісіп тұрған бидайдың сапасын төмендеткен. Соған қарамастан, алынған өнімнің 75%-дан астамы – 1–4 санаттағы азық-түліктік бидай. Бұл ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткілікті.