Ауыл бюджетінің кіріс көздерін кеңейту – маңызды мәселелердің бірі. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтің айтуынша, қазіргі уақытта 4 деңгейлі бюджет кірістері 8 түрлі салықтық түсімдер, аудандық бюджеттен бөлінетін қаражат, айыппұлдар, трансферттерден қалыптасады. 4 деңгейлі бюджет енгізілгеннен кейін кірістер 2 есе артты.
2023 жылы жоспар бойынша 308 млрд теңге түсуге тиіс еді, бірақ нақты түсім 320 млрд теңгені құрады.
«Ауыл бюджеттерінің қаржылық дербестігін одан әрі арттыру қажет. Осыған байланысты келесі түсімдер есебінен ауылдық округтер бюджетінің кіріс көздерін кеңейту ұсынылып отыр. Бұл заңды және жеке тұлғалардың мүлік салығының бір бөлігін аудару, су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем, белгілі бір қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, белгілі бір лицензиялар мен рұқсаттарды пайдаланғаны үшін төлемдер. Бұдан бөлек, жаңа Бюджет кодексі аясында ауыл бюджетіне пайдалы қазбаларды өндіру салығы беріледі. Осылайша, ауыл бюджетінің өзіндік кірістері 4 есеге артады — 68 млрд теңгеден 263 млрд теңгеге дейін», — деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.