Қаржы министрлігі бірнеше пәтері бар азаматтардың жылжымайтын мүлік, тұрғылықты мекенжай және банк аударымдары жөніндегі деректерін салыстырып, салық төлемей пәтерін жалға беріп жүргендерді анықтап жатыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысы кулуарында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов хабарлады.

Оның айтуынша, министрлік бір адамға бірнеше пәтер тіркелген жағдайда түрлі ақпарат көздерін салыстырып, камералдық бақылау жүргізеді.

«Егер жеке тұлғаның 10 пәтері болса, ал өзі тек бір мекенжайда тұратын болса, демек қалған тоғыз пәтер жалға беріліп отыр деген сөз. Біз бұл мәселелерді учаскелік полиция қызметкерлерімен және тұрғын үйлердегі иелер кооперативтерімен бірлесе бақылап отырмыз», — деп түсіндірді Біржанов.

Ол сондай-ақ министрлік пәтер иелерінің банк арқылы немесе басқа арналармен тұрақты түрде ақша алып отырғанын көріп отыратынын, мұндай жағдайда салық органдары олардың әрекетіне назар аударатынын атап өтті.

Вице-министрдің айтуынша, тексерудің мақсаты — тек салық төлеуді қамтамасыз ету ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау.

«Есеп жүргізілмесе, онда мұндай пәтерлерде тіркеусіз адамдар тұруы мүмкін. Тіпті, заңға бағынбайтын азаматтар да болуы ықтимал», — деді ол.

Біржанов сонымен қатар азаматтарға заңды түрде жұмыс істеуді жеңілдету үшін арнайы салық режимдері бар екенін айтты.

«Мұндай секторды көлеңкеден шығару жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол үшін түрлі салықтық режимдер, соның ішінде жеңілдетілген түрлері енгізілген. Қазір тіпті тіркелмей-ақ, жылына бір рет декларация тапсыру арқылы заңды түрде жұмыс істеуге болады», — деп түсіндірді вице-министр.