2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы білім беру қызметтерінің көлемі 1,95 трлн теңгеге жетіп, жылдың басымен салыстырғанда 28,6% өсті. Өсімге маусымдық факторлар (мектеп пен ЖОО шығындарының көбеюі) және мемлекеттік қаржыландырудың артуы әсер еткен, деп хабарлайды economykz.org.

Қызметтердің басым бөлігі жалпы орта білімге тиесілі. Биылғы құрылым былай бөлінді: жалпы орта білім – 1,14 трлн теңге немесе 58,5%, мектепке дейінгі тәрбие – 271,5 млрд теңге (13,9%), жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім – 203,5 млрд теңге (10,4%), ал техникалық және кәсіби білім – 137 млрд теңге (7%). Қосымша білім беру, яғни спорт, мәдениет, үйірмелердің үлесі шамамен 4% қана құрап отыр.

Осылайша, нарықтың үштен екісінен астамы мектеп пен балабақшаның үлесінде қалып отыр.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің үлесі бар болғаны 10,4%. Колледждерді қосқанда, университеттер нарықтың небәрі 17%-ын құрайды. Сарапшылар мұны үш факторға байланыстырады: отбасылардың ақылы оқуға мүмкіндігінің шектеулігі, университеттердің мемлекетке тәуелді қаржылануы және халықаралық, жекеменшік ЖОО-лардың аз болуы.

Қосымша білімнің үлесі аз болғанымен, халықтың сұранысы байқалады. Мәселен, спорт пен демалыс бағытындағы қызметтер 50,6 млрд теңгеге жетті, мәдениет саласы – 30 млрд теңге, ал авто-мектептер – небәрі 1,18 млрд теңге көлемінде қызмет көрсеткен.

Қазақстандағы білім беру жүйесінің басты ерекшелігі – мемлекеттің үстемдігі. Қаржыландыру құрылымы бойынша кірістің 87,4%-ы мемлекеттік бюджеттен, халықтың үлесі – 10,7%, кәсіпорындардікі – небәрі 1,9%.

Ұйымдар бойынша да жағдай ұқсас: мемлекеттік ұйымдар – 79,7% қызмет көрсетсе, жекеменшік ұйымдар үлесі 19,7%-ға жеткен, шетелдік оқу орындары – бар болғаны 0,6%.

Интернет арқылы көрсетілген қызметтердің көлемі небәрі 20,6 млрд теңге болды. Бұл жалпы нарықтың 2%-ына да жетпейді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, онлайн-білімнің болашағы бар. EdTech жобалары жастар арасында сұранысқа ие болып келеді, әсіресе шалғай аймақтар үшін қолжетімділік артып отыр.