Бірқатар технологиялық компания Қазақстанда банк лицензиясын алуды қарастырып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымов айтты, деп жазады LS.
Ол мұндай компаниялардың бірі — Beeline телеком-операторы екенін растады.
«Жаңа реттеуге қатысты: егер телеком-операторлар тек телеком болудан кеңейгісі келсе, базалық лицензия алуға тиіс. Beeline жаңа заңды әзірлеу кезінде базалық лицензия алу мәселесін талқылауға қатысқан компаниялардың бірі болды, олар бұл жоспарларын бұрын да мәлімдеген. Яғни трансформация, телекомды банктен бөлу. Егер сіз банк секілді қызмет көрсеткіңіз келсе, сәйкес лицензия алыңыз», – деді Әбілқасымов.
Спикер екінші деңгейлі банк нарығына шығуға қызығушылық танытып отырған тағы бірнеше компания бар екенін айтты.
«Базалық лицензияны қарастырып жүрген технологиялық компаниялар бар. Біздің де банктік нарықта кімді көргіміз келетіні жөнінде ойларымыз бар. Біз үшін бәсекенің күшеюі – жақсы фактор. Бұл, әрине, клиенттерге де тиімді: оларда таңдау көбейеді. Сондықтан нарыққа телекомдар да, басқа технологиялық компаниялар да қызығушылық танытып отыр. Қазір олар жаңа заңның (банктер туралы) қалай қабылданатынын, базалық жеңілдетілген лицензияға қандай нормативтік талаптар қойылатынын бақылап отыр. Сондықтан олар заңның қабылдануын күтуде», – деп түйіндеді ол.
Бұған дейін агенттік төрағася Мадина Әбілқасымова келесі жылы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк қаржылық қызмет көрсететін финтех және телеком компанияларды реттеу мәселесімен нақты айналысатынын хабарлаған болатын.
Айта кетсек, бұған дейін Veon Ltd. компаниясы (Beeline Kazakhstan бренді иесі) алдағы 12 ай ішінде Қазақстанның бір қаласында такси және жеткізу қызметтерін іске қосуды жоспарлап отырғанын жазған едік.