Қазақстандықтар 2026 жылдың басында мобильді байланыс пен интернет тарифтерінің қымбаттауына дайын болуы керек. Байланыс операторлары тарифтерді шамамен 15–20% көтеру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі — электр энергиясы, импорттық жабдықтар құнының өсуі және қосылған құн салығының көтерілуі.
Елдің ірі байланыс операторлары тарифтерді қайта қарау жоспары туралы үкіметтегі брифингте айтты.
«Қазақтелеком» басқарма мүшесі Ержан Мейрамовтың айтуынша, қазіргі ережелер операторларға экономикалық негіз болса, тарифті көтеруге мүмкіндік береді.
«Тариф құрамына операторлардың бірқатар шығыны кіреді — соның ішінде электр энергиясы мен шетелдік жабдық бағасы. Егер олардың құны өссе, бұл қызмет бағасына тікелей әсер етеді», — деді ол.
Оның айтуынша, 2026 жылы тарифті арттыру туралы шешімді мобильді операторлардың өздері қабылдайды.
Kcell басқарма төрағасы Асқар Жамбакин де жалдау ақысы өсіп, теңге бағамы әлсіресе, компанияға тарифті көтеруге тура келетінін айтты.
«Kcell 2024 жылы бағаны көтерген жоқ. Әлеуметтік тарифтер 2026 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады. Біз қазір есептеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Клиенттер тарифтің өзгеретіні туралы заң талаптарына сай алдын ала хабардар етіледі», — деді ол.
Beeline Қазақстан компаниясының бас атқарушы директоры Евгений Настрадин тарифтердің 2026 жылдың қаңтарында көтерілуі мүмкін екенін растады.
«Біз бағаны әдетте жылына бір рет қана өзгертеміз. Келесі жылы ҚҚС өседі — бұл елеулі фактор. Сондықтан қаңтар айында тарифтерге түзету енгізуді жоспарлап отырмыз. Менің ойымша, өсім шамамен 15–20% болады», — деді ол.
«Мобайл Телеком-Сервис» (Tele2/Altel) компаниясының бас директоры Александр Бабичев тарифтерді қайта қарау себебі операторлардың пайда табу емес, желі инфрақұрылымына инвестиция салу қажеттілігі екенін түсіндірді.
«Интернетке сұраныс өсіп жатыр, ал инфрақұрылым бұл қарқынға ілесе алмайды. Сондықтан біз желіні дамытуға көбірек қаржы салуға мәжбүрміз. Ал жабдықтың бәрі шетел валютасымен сатып алынады», — деді ол.
Бабичевтің айтуынша, компаниялар келер жылдың бюджетін қалыптастырып жатыр, оған ҚҚС өсімі, инфляция және жабдық құнының артуы сияқты факторлар енгізілген.
«Біздің желідегі бір абоненттің трафик тұтынуы 2023 жылмен салыстырғанда 40% артты. Біз тарифтерді шамамен 15–20% көлемінде түзету мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», — деді Tele2/Altel өкілі.
Осылайша, байланыс операторларының бағалауынша, 2026 жылы салық жүктемесінің және инфрақұрылым шығындарының өсуі мобильді байланыс қызметтерінің қымбаттауына алып келеді.