Veon Ltd. компаниясы (Beeline Kazakhstan бренді иесі) алдағы 12 ай ішінде Қазақстанның бір қаласында такси және жеткізу қызметтерін іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Bloomberg.
Бұл — компанияның Beeline-ді цифрлық экожүйеге айналдыру стратегиясының бір бөлігі. Ол қаржы, білім беру, ойын-сауық және денсаулық сақтау салаларын біріктірмек.
Қазақстанда Veon қазірдің өзінде Simply платформасы арқылы қаржылық қызметтерді ұсынып отыр.
Айта кетсек, Veon бұған дейін OLX-тің қазақстандық бөлімшесін сатып алған еді, енді компания Kaspi.kz және Yandex Go-мен бәсекелес болуды көздеп отыр. Қазір Veon табысының 18%-ы цифрлық сервистерге тиесілі, ал мақсат — бұл үлесті үш жыл ішінде 50%-ға дейін арттыру.
Сонымен қатар компания Starlink-пен бірлесіп спутниктік мобильді байланыс қызметін іске қосуға дайындалып жатқанын хабарлаған едік. Бұл Beeline-ге Қазақстанның ең шалғай аймақтарында да байланыс қызметін ұсынуға мүмкіндік береді. Алты айдың ішінде компания дауыс байланысын ұсынуды бастамақ, ал хабарлама жіберу мүмкіндігі бірнеше ай ішінде қолжетімді болады.