2025 жылдың 9 айында экономиканы несиелеудің жалпы көлемі 14,6% өсіп, 38,7 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Оның айтуынша, тұтыну секторында кепілсіз несиелердің өсу қарқыны айтарлықтай баяулаған. Егер 2024 жылы олардың өсімі 29,3% болса, осы жылдың 9 айында көрсеткіш 12,7%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте негізгі өсімді автонесиелеумен қатар кепілді қарыздар қамтамасыз етті. Кепілді тұтынушылық несиелер 32,2% өсіп, 4,8 трлн теңге көлеміне жетті.
«Бизнеске несие берудің орташа жылдық өсу қарқыны кейінгі бес жылда 14,4%-ды құрады. Бизнеске несиелер портфелі 5 жыл ішінде 1,7 есе өсіп, 14,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Корпоративтік несиелеу құрылымында шағын және орта бизнес несиелері 44%, ірі бизнеске несиелер 36% және жеке кәсіпкерлерге несиелер 20%», — деді Мәдина Әбілқасымова.