Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алғаш рет әр банк бойынша қадағалау стресс-тестілеуінің (ҚСТ) нәтижелерін жариялады. 2025 жылғы есепте банкке тән тәуекелдер мен олардың капитал жеткіліктілігіне әсері жеке-жеке көрсетілген. Бұған дейін реттеуші тек жиынтық нәтижелерді ғана жариялап келген.
2025 жылғы бағалау активтердің сапасын бағалау (AQR) аясындағы 11 ірі банкті қамтыды. Бұл банктерге елдің банк секторы активтерінің 86%-ы және несие портфелінің 87%-ы тиесілі. Стресс-тест барысында несиелік және нарықтық тәуекелдердің ықпалы, сондай-ақ банктердің ықтимал шығындарды пайыздық және пайыздық емес табыстар есебінен өтеу қабілеті бағаланды.
Несиелік тәуекелге қай банктер көбірек ұшырайды?
Агенттік жалпы көлемі 33 трлн теңгені құрайтын несие портфелін бағалады. Бұл – аталған банктердің жиынтық активтерінің 62,6%-ы. Стресс-тест басталған кезде қалыптастырылған провизиялар көлемі 2,3 трлн теңгені, ал резервтеу деңгейі орта есеппен 7,06%-ды құрады. Несие портфеліндегі ең үлкен үлесті кепілсіз бөлшек несиелер (33,5%) мен жеке тұлғаларға берілген қарыздар (29,9%) иеленген.
Стресс-сценарийде провизиялар көлемі 2,3 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін өседі. Ал үшінші сатыдағы проблемалық несиелер көлемі 2,9 трлн теңгеден 10,3 трлн теңгеге дейін ұлғаяды.
Есепке сәйкес, стресс-сценарий кезінде провизияларды ұлғайту қажеттілігі ең жоғары болатын банктер:
Alatau City Bank – 18,8%;
Еуразиялық банк – 16,6%;
ForteBank – 12,5%;
ЦентрКредит Банкі – 12,4%;
Bank RBK – 11,3%.
Ең төмен көрсеткіш Freedom Bank-те тіркелген – 3,8%.
Нарықтық тәуекел банктерге қалай әсер етеді?
Агенттік бұл бөлімде валюта бағамдарының, облигациялар, акциялар және жылжымайтын мүлік құнының өзгеруі салдарынан банк активтерінің қайта бағалануын қарастырды.
Стресс-тест басталған кезде нарықтық тәуекелге ұшырайтын активтердің көлемі 12,9 трлн теңгені немесе банктердің жиынтық активтерінің 24%-ын құрады. Оның негізгі бөлігін облигациялар (87,3%), еншілес және қауымдастырылған компанияларға инвестициялар (5,4%) және жылжымайтын мүлік (4,9%) құрады.
Стресс-сценарийден кейін валюталық тәуекелді есептемегенде мұндай активтердің баланстық құны 11,5 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін төмендейді. Реттеуші мұның басты себебі ретінде базалық пайыздық мөлшерлемелердің өсуін атайды.
Ең көп төмендеу мына банктерде күтіледі:
Freedom Bank – 17,2%;
ForteBank – 11%;
Bereke Bank – 9,1%;
Kaspi Bank – 8,7%.
Ал Bank RBK-да мұндай активтердің құны, керісінше, 3,7% өсуі мүмкін.
Қай банктер шығынды табысы арқылы жақсы өтей алады?
Стресс-тест басталған кезде пайыздық табыс әкелетін активтердің көлемі 45,4 трлн теңгені құрады. Оның 78,5%-ы теңгемен, 18,4%-ы АҚШ долларымен, ал 3,2%-ы басқа валюталармен номиналданған.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 11 банктің жиынтық таза пайыздық табысы 3 трлн теңге болды. Алайда стресс-сценарийде бұл көрсеткіш:
2025 жылы – 2,3 трлн теңгеге,
2026 жылы – 2,2 трлн теңгеге,
2027 жылы – 2,1 трлн теңгеге дейін төмендейді.
Агенттік есептеулерде болжамды табыстар нақты нәтижелерден жоғары болғандықтан 80% түзету коэффициенті қолданылғанын түсіндірді.
Негізгі капитал жеткіліктілігіне (k1) таза пайыздық және пайыздық емес табыстың ең жоғары оң әсері мына банктерде күтіледі:
ForteBank – 24,1%;
ЦентрКредит Банкі – 21,6%;
Еуразиялық банк – 21%;
Kaspi Bank – 20,9%;
Alatau City Bank – 20,4%.
Ең төмен әсер Нұрбанкте болжанып отыр – 6,7%.
Реттеушінің мәліметінше, бұл жоғары пайыздық мөлшерлемелердің сақталуы, комиссиялық кірістердің артуы, сондай-ақ шетел валютасымен операциялар мен дивидендтерден түсетін табыстың өсуімен байланысты.
Сонымен бірге агенттік жарияланған тәуекел көрсеткіштерін банктердің қаржылық жағдайын жеке бағалау үшін пайдалануға болмайтынын атап өтті. Оларды барлық тәуекелдердің капитал жеткіліктілігіне жиынтық әсерімен бірге қарастыру қажет.
Жалпы нәтижелер
Агенттік бағалауынша, стресс-тест банк секторының тұрақтылығын растады.
Стресс-сценарийдегі негізгі капитал жеткіліктілігінің (k1) жиынтық деңгейі 16,1% болды. Бұл өткен жылғы 15% көрсеткіштен жоғары және ең төменгі норматив саналатын 5,5%-дан айтарлықтай асады.
Сонымен қатар өткен жылғы стресс-тестпен салыстырғанда капитал жеткіліктілігінің төмендеуі күштірек болды: биыл көрсеткіш 1,6 пайыздық тармаққа, ал былтыр 1,3 пайыздық тармаққа төмендеген.
Агенттік мұны биылғы модельде стресс-сценарийдің ең күшті әсері үш жылдық модельдеу кезеңінің алғашқы тоқсанында байқалатынымен түсіндірді. Ал өткен жылғы тестте бұл әсер тек алтыншы тоқсанда көрінген.
2025 жылғы стресс-тест нәтижелері бойынша:
несиелік тәуекел капитал жеткіліктілігін 1,3 пайыздық тармаққа төмендетті (өткен жылы – 5,8 т.);
нарықтық тәуекел 1,9 пайыздық тармаққа төмендетті (өткен жылы – 3,2 т.);
таза пайыздық және пайыздық емес табыстың оң әсері 7,4-тен 1,4 пайыздық тармаққа дейін қысқарды.
Стресс-тест қорытындысы бойынша әр банк үшін тәуекел деңгейіне қарай 0%-дан 3%-ға дейінгі жеке капитал буфері белгіленді. Бұл көрсеткіш банктердің таза пайдасын дивиденд ретінде бөлу туралы шешім қабылдау кезінде ескеріледі.