Екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген несиелері 2025 жылғы қарашада 0,7%, 39,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2025 жылдың басынан 16,8% өсім). Бұл ретте, ұлттық валютада берілген несиелер 1,2%, 36,0 трлн теңгеге дейін өсті, шетел валютасында берілген несиелер, негізінен, теңге бағамының АҚШ долларына қатысты 3,4% нығаюы аясында теріс қайта бағалау нәтижесінде 3,4 трлн теңгеге дейін 4,5% төмендеді. Теңгемен берілетін несиенің үлес салмағы 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 91,3%-ды құрады (01.01.2025 ж. – 91,2%).
Бизнеске берілген несиелер базалық мөлшерлеменің 2025 жылғы қазанда 16,5%-дан 18%-ға өсуі аясында 2025 жылғы қарашада 0,2%, 14,8 трлн теңгеге дейін (2025 жылдың басынан бастап 13,5%-ға өсу) төмендеді. Бұл ретте ірі бизнеске берілген қарыздар 2,2%, 5,3 трлн теңгеге дейін төмендеді, ШОБ субъектілеріне 0,8%, 6,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды, жеке кәсіпкерлерге 1,5%, 3,1 трлн теңгеге дейін өсті.
Салалар бөлінісінде былтыр 11 айда несиелердің өсуі барлық салада: ауыл шаруашылығында – 512 млрд теңгеге дейін 6,4%, өнеркәсіпте – 4,9 трлн теңгеге дейін 11,5%, көлікте – 921 млрд теңгеге дейін 3,0%, ақпарат және байланыста – 210 млрд теңгеге дейін 36,8%, саудада – 4,1 трлн теңгеге дейін 18,4%, құрылыста – 807 млрд теңгеге дейін 18,9% өсім байқалады.
2025 жылғы қарашада бизнеске 1,6 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2024 жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 14,3% кем. Бұл ретте, 2025 жылғы 11 айда бұл көрсеткіш 17,5 трлн теңгені құрады, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,7% көп.
Бизнеске ұлттық валютада берілген несиелер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2025 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша 22,3%-ды құрап, 0,3 п.т. өсті. Ірі бизнеске және ШОБ субъектілеріне теңгемен берілген несиелер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 20,1%-ды, жеке кәсіпкер – 30,4%-ды құрады.
Несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі өткен ай деңгейінде сақталып, несие портфелінің 3,7%-ын немесе 1,6 трлн теңгені құрады.
Бизнеске берілген несиелерде NPL90+ қарыздардың үлесі 2,6%-ды немесе 456 млрд теңгені құрады (01.01.2025ж. – 2,1% немесе 304 млрд теңге).