Қазақстанда 1,5 жыл ішінде 51 мың жеке тұлға банкрот деп танылып, олардың 188 млрд теңге берешегі өшірілді. Биыл бұл рәсімдерді қолдану мүмкіндігін кеңейтетін бірқатар түзету қабылданды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарты бойынша қарызды реттеуді жүргізу талабы алынып тасталды. Бұрын бұл құжат міндетті болатын. Енді борышкерде соттан тыс банкроттық рәсімін себебін көрсетпей тоқтату құқығы бар, сондай-ақ банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы, оның ішінде несие бюросы базасында көрсетілмеген барлық міндеттемесін тоқтату мүмкіндігі бар.

«Қосымша ретінде, қазір Парламентте ломбардтарды соттан тыс банкроттық рәсімінің қарыз берушілері қатарынан шығару бойынша, сондай-ақ 1600 АЕК-ке дейін қарызы бар азаматтар-борышкерлер үшін банкроттық рәсімін жүргізу мерзімдерін қысқарту бойынша түзетулерді қарастырып жатырмыз», – деді ол.