Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы миллиардтаған теңге мақсатсыз игерілген. Қаржы министрлігі шамамен 2 мыңнан астам қарыз алушының 13 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып, оны ауыл бизнесіне емес, сұлулық салондары, сауналар, мейрамханалар мен дүкендер ашуға жұмсағанын анықтады.
Бұл деректер Үкімет отырысында айтылды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, тексеріс барысында аймақтық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінде де заңсыздықтар анықталған.
«Кейбір өңірлік корпорациялар мемлекеттік қолдауды байлық табудың көзіне айналдырған. Олар жеңілдетілген несиені алып, банктердің депозитіне салып, пайыздық табыс алған. Мұндай фактілер Түркістан облысында – 2 млрд теңгеге, Абай облысында – 152 млн теңгеге анықталды», — деді министр.
Министрлік сонымен қатар салық төлеуден жалтарудың кең тараған схемаларын анықтаған. Мысалы, 3,5 мың заңды мекенжайда 20 мыңға жуық компания тіркелген, олардың жалпы салық берешегі 60,4 млрд теңгеге жетіп отыр.